Түркияда зілзала құрбандарының саны 35 мыңнан асты
Жер сілкінісінен бері бір аптадан аса уақыт өтсе де, қираған ғимараттар астынан әлі де аман қалғандар табылып жатыр. Адыяман провинциясында 212 сағат бойы үйінді астында жатқан 77 жастағы әжей аман-есен шығарылды. Ал Хатайда 203 сағаттан кейін бір әйел табылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жер сілкінісінен кейін аймақта су арқылы тарайтын аурулар белең алуы мүмкін деп ескертті. Ұйым өкілдері: «Қазір Түркия мен Сирияда 26 миллиондай адам гуманитарлық көмекке мұқтаж», — дейді. Ал Түркия президенті: «Елдің оңтүстігінде болған жерасты дүмпулерінің күші жүздеген атом бомбасының қуатына тең», — деп мәлімдеді. Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, апат аймағынан 2 миллионнан аса адам қоныс аударуға мәжбүр болған.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Зілзала аумағы кей елдердің территориясынан да үлкен. Басқа зілзалалармен салыстырғанда ол жер бетіне жеті шақырымға жақын жерде болған. Күші жүздеген атом бомбасының қуатына тең. Қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Жарақат алған 105 мың 505 адамның тезірек сауығып кетуін тілеймін... Наурызда 30 мың үйдің құрылыс басталады. Қауіпсіз, сапасы жоғары үйлерді 1 жыл ішінде салып бітіруді мақсат етіп отырмыз.
Қазақстандық құтқарушылар іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мамандар үйінді астынан 7 адамды алып шықты. Зардап шеккендер медицина қызметкерлеріне тапсырылған. Сондай-ақ біздің құтқарушылар қираған ғимараттардың астынан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесін алып шығарды. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 2 елдімекенде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Қазақстан Түркияға қосымша 55 тонна гуманитарлық көмек жөнелтеді.Киім-кешек, қысқы шатырлар, төсек-орын жабдықтары мен өзге де қажетті заттар Газиантеп қаласына жіберілмек. Жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмекті еріктілер де жөнелтіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында волонтёрлар 35 тонна жүк жинаған. Ал жамбылдықтар 400 тонна гуманитарлық көмек жіберді.