Түркиядағы жер сілкінісінен кейін 2 млн аса адам уақытша баспанаға орналасты
Өзгесі басқа өңірлерге көшті. Кейбір аймақта үйінділерді тазалау жұмыстары әлі жалғасып жатса, енді бірінде құрылыс қызды.
Қасиетті Рамазан айы Түркияда ерекше атап өтілетін. Биыл бұл игі дәстүр өзгеше сипатқа ие. Апаттан зардап шеккендерге ауызашар беріліп жатыр. Ішкі істер министрінің айтуынша, күн сайын 2 млн астам адамға дастархан жайылады.
Сулейман Сойлу, Түркия республикасының ішкі істер министрі:
- 650 мыңнан астам адамға уақытша шатыр құрылды. Қазір жалпы есепте 2 млн астам адам уақытша баспананы паналауда. Контейнерлер саны 51 мыңнан асады. Бір айдан кейін 100 мыңға барады деп отырмыз. Әрине, шығынымыз көп. Олардың орнын толтыра алмаймыз. Бірақ біз болашақ ұрпағымызға қауіпсіз қалалар, қауіпсіз үйлер және қауіпсіз орта қалдыра аламыз.
Апатты аймақта зілзаладан жарамсыз деп табылған үйлер қиратылуда. Арнайы техниканың үйіндіні тазалағанын қауіпсіз жерден тек сол үйдің тұрғындары ғана көре алады. Өзге адамдардың жақындауына рұқсат жоқ. Ғимараттарды қирату барысында да апаттар тіркелуде. Газиантептегі аппатты жағдайдағы мешітті бұзу кезінде мұнарасы экскаватордың үстіне құлап, жүргізушісі қаза тапты. Оқиғаға байланысты тергеу басталды.
Үйілген үйінділерді тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы ел билігі бір жылдың ішінде 650 мыңнан астам тұрғын үй саламыз деп отыр.
Мурат Курум, қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі:
- Түркияның үздік сәулетшілерімен жұмыс істеп жатырмыз. Апатты аймақтағы үйлерді мәдениет, демографиялық құрылымы, табиғаты, климаты және қоршаған ортаны қамтитын дизайнмен жобаладық. Сондықтан 4 қаланы 4 сәулетшіге бердік. Құрбан айтта мемлекет басшысының қатысуымен алғашқы құрылысы басталған үйлерді табыстаймыз.
Төтенше жағдай жарияланған өңірде тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Арнайы әскери бөлімдер жасақталды. Олар қауіпсіздікті қадағалап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға әзір.