Қазақстандық көркем туынды Лондондағы кинофестивальде бас жүлде жеңіп алды
Қазақстандық көркем туынды Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде бас жүлде жеңіп алды.
Гран-Приден бөлек, отандық киногерлер «Үздік сценарий», «Үздік жас режиссер» және «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша жүзден жүйрік деп танылды.
Фестивальдің бас жүлдесін Марина Қонарованың «Ұлы дала зары» фильмі жеңіп алды. Көркем дүние ашаршылық кезінде қырылған қазақ халқының шынайы тарихи оқиғалары туралы сыр шертеді. Гран-При үшін Ресей, Армения және Ұлыбританиядан ұсынылған фильмдер де таласты. Қазақстандық өнім сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
Натали Вонг, қазылар алқасының мүшесі /Болгария/:
- Фильм авторлары 100 жылдан астам уақыт бұрын қазақ халқы өткерген трагедияларын кейіпкерлер арқылы шынайы әрі шебер жеткізуге тырысқан. Бұл оқиғалар қазақ халқын әлі де мазалайтыны аңғарылып тұр.
Бұдан бөлек Жорабек Мұсабаевтың «Үй» фильміне жазған сценарийі үздік деп танылды. Ал Саид Әшірбаев «Үздік жас режиссер» аталымы бойынша марапатталды. Жеңімпаздар қатарында әріптесіміз, Хабар телеарнасының режиссері Ақбөбек Төлжанова да бар. Ол Әбіш Кекілбайұлы шығармасының желісі бойынша түсірілген «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты деректі фильмі үшін «Көрермендер көзайымы» аталымын қанжығалады.
Ақбөбек Төлжанова, режиссер, «Көрермендер көзайымы» аталымының жеңімпазы:
- Негізі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түсірілген фильм болды бұл, арнайы қорғадық. Ең басында бұл фильмге қысқа метрге бөлінді ақша. 15 минутына ғана. Көмектескен жанашыр халық болды. Киноны түсірген кезде біз далада қонбас үшін әрбір қарапайым тұрғындардың үйінде тоқтадық. Қуана үйлерінде қарсы алды. Дастарханын жайып, бешбармағын беріп, шұбатын берді. Халықтың ниетінен құралған фильм, солардың барлығы демеуші де маған.
Фестивальдің мақсаты - Еуразиялық аймақтың кинематографиясын дамыту, ағылшын тілді кеңістікте ілгерілету және киноиндустрия өкілдерін әлемдік деңгейдегі белді мамандармен таныстыру. Биыл ол бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
Гарет Стамп, Еуразиялық шығармашылық Гильдиясының төрағасы:
- Екі жыл бұрын танылған фестиваль жеңімпаздарының ісі ілгерілеп, бұдан да басқа байқауларда топ жарды. Фильмдері Голливудқа жол тартып, Америка экрандарында көрсетілгендері де бар. Қазақ кино өнімдерінің жаңа нарықтарды игеретін кезі жетті деп ойлаймын. Оларды көрген көрерменнің Ұлы дала елінің әсем табиғатын тамашалау үшін Қазақстанға барары хақ.
Осы орайда фестиваль ұйымдастырушылары өнерсүйер қауымды жуырда Бурабайда өтетін қысқаметражды киноның екінші халықаралық байқауына шақырды.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы