2-4 тамыз аралығында Қазақстан – Ауғанстан бизнес-форумы өтеді
Тамыздың 2-сі мен 4-і аралығында Астанада Қазақстан мен Ауғанстан елдерінің бизнес форумы өтеді. Оған 400-ден астам адам қатысады. Тең жартысы ауған тарапының өкілі. Делегацияны Ауғанстанның сауда министрі Нұриддин Азизи бастап келеді. Бұл жөнінде еліміздің Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлімдеді. Бүгінгі таңда Ауғанстан қазақстандық ұнның негізгі тұтынушысы. 70% бізден импорттап отыр. Жалпы екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 1 млрд долларға жеткен. «Бұл көрсеткішті 3 млрд-қа дейін көтеру жоспарда бар. Сондықтан жуырда өтетін бизнес-форумнан жақсы нәтиже күтеміз»,— дейді жауаптылар.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
-Ауғанстанды сауда серіктесінен бөлек біз транзиттік ел ретінде де қарастырып отырмыз. Яғни 220 млн халқы бар Пәкістанның нарығына шығуға болады. Ары қарай Гвадар мен Карачи порттары арқылы Үндістан, Таяу Шығыс елдеріне де тауар жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа әрі тартымды нарық болмақ.