Қазақстан – Әзербайжан: әріптестік әлеуеті зор
Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданатын қазақ мұнайының көлемін келер жылы 2 млн тоннадан асыру, екі ел арасындағы алыс-берісті еселеу. Мемлекеттік сапармен Әзербайжанға барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Ильхам Әлиевпен осы мәселелерді талқылады.
Соңғы жылдары еліміз тауар экспортының балама бағыттарын дамытуға баса мән беріп келеді. Сондай маршруттардың бірі Әзербайжан арқылы өтеді. Нақтырақ айтқанда, Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры. Қазақтан қара алтын транзитінің көлемін арттыруға ниетті. Президенттің мемлекеттік сапары барысында осы мәселе де талқыланды. Былтыр Ақтау портынан 1 млн 57 тонна мұнай жөнелтілсе, биыл оның көлемі 1,5 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған. Ал келесі жылы бұл көрсеткішті 2 млннан асыру көзделген. Әзербайжанған сапар барысында тараптар осындай келісімге келді.
Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
-Келісімнің аясында біз Әзербайжан арқылы мұнай тасмылы көлемін 50% арттыратын боламыз. Айына 120 мың тоннадан 180 мың тоннаға дейін немесе 1,5 миллион тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін деген сөз.
Президенттің мемлекеттік сапарының алғашқы күні жемісті болды. Тараптар 14 құжатқа қол қойды. Атап айтқанда көлік, цифрландыру, мәдениет және кәсіпкерлік салаларында түрлі келісім жасалды. Бауырлас елге жасаған сапардың мән-маңызына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл шын мәнінде өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік. Мұның бәрі – бірегей жобалар.
Сондай-ақ бауырлас елге сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Гейдар Әлиевтің бейітіне де барды. Ұлтының көшбасшысы атанған өр тұлғаның рухына тағзым етіп, зайыбы Зарифа Әлиева екеуінің бейіттеріне гүл қойды.
Бұдан кейін Президент Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға гүл қою рәсіміне қатысты. Мұнда елдің азаттығы жолында, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау үшін құрбан болған әзербайжан халқының батыр ұлдары жерленген. Шаһиттер аллеясы «Нагорный» саябағының аумағында орналасқан. Мұнда 1990 жылғы қайғылы оқиғаның құрбандары мен Қарабақ үшін болған шайқастарда қаза тапқан ұлт қаһармандарының бауырластар зираты бар.
Ал сапардың бірінші күнінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрағасы Сагиба Гафаровамен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында қазақ басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Тараптар мұнай мен газ, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, индустрия және басқа да салалардағы әріптестікті нығайтудың әлеуетіне тоқталды. Өз кезегінде Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрағасы парламентаралық байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев және Алмас Омарғалиев.