Қазақстан аумағына суық антициклон жылжып келеді.
Солтүстік және шығыс өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы минус 40 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз сақталады. Оңтүстік-шығыс облыстарда түнгі суық 8–17 градусқа дейін күшейеді, ал таулы аймақтарда 20–25 градус аяз болады. Ал елдің оңтүстік-шығысында 16–17 қаңтар күндері қалың қар жауып, бұрқасын, тұман және көктайғақ болады деп болжануда.
Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
- Оңтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы 5–13 градус аязға дейін төмендейді. Қазақстанның оңтүстігінде 15–16 қаңтарда негізінен қар түрінде қатты жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ құбылыстары болжанады.
Аяз бен қолайсыз ауа райына байланысты Қазақстанның бірқатар өңірінде мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті. Астанада екінші ауысымда оқитын 1–9 сынып оқушылары онлайн білім алуда.
Ақмола облысында ауа температурасы -28 градусқа дейін төмендеп, желдің күшеюіне байланысты барлық мектептер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Ал Екібастұз бен Ақсу қалаларында 1–9 сыныптың оқушылары онлайн оқиды.