Көктем таяғанымен, қыстың қаһары әлі қайтар емес. Еліміздің 15 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Мамандардың болжамынша, бұл жағдай 25 ақпанда да сақталады. Солтүстік өңірлерде ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендейді. Ал орталық аймақтарда жауын-шашынсыз, күн ашық болғанымен, сақылдаған сары аяз. Ал елордада ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендейді.
Синоптиктердің сөзінше, арктикалық ауа массалары мен солтүстік-батыс антициклонның ықпалынан болған суық ақпан айының соңына дейін созылуы мүмкін. Ал оңтүстік өңірлерде жауын жауып, көктайғақ болуы ықтимал.
Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
- Түнгі уақытта батыс облыстарда ауа температурасы 15–25 градус аяз болады. Солтүстік және орталық өңірлерде 28–37 градусқа дейін төмендейді, шығыста 32–40 градус аяз күтіледі. Ал оңтүстік облыстарда ауа температурасы 0–10 градус аяз шамасында болады.