Ақтөбе көшелерін су басты

  • 8
  • 04.06.2026, 19:48

Ақтөбені су басты. Өңірде жаңбыр екінші апта бойы толассыз жауып тұр. Салдарынан көшелер мен жаяу жүргінші жолдары көлге айналған. Коммуналдық қызмет өкілдері күндіз-түні су сорғылап әлек.

Ақтөбенің аспанын бұлт торуылдап, нөсерлеткелі екінші аптаға аяқ басты. Синоптиктер: «Соңғы үш күнде жаңбырдың екі айлық мөлшері жауды», - дейді. Шаһардағы суағарлар толып, көшелерді су басты. 

Мансұр Есқожин, тілші:

- Толассыз жауған жаңбыр әсіресе жаяу жүргіншілерді әбден әуреге салды. Көшеге шыққан тұрғындар шалшық су кешуге мәжбүр. Мәселен, облыс орталығының орталық көшелерінің біріндегі қазіргі жағдай осы. Жаяу жүргінші жолағынан резеңке етік киіп немесе жалаңаяқ өткеннан басқа амал жоқ. 

Айжан Қартанова, қала тұрғыны:

- Бұрын-сонды болған жоқ. Ұзақ болып кетті сол. Екінші аптаға созылып бара жатыр. Қиын болып кетті. Барлық жерде су болып жатыр. Қала деген су. 

Ақтөбе ахуал орталығына соңғы тәулікте тұрғындардан 1500-ге жуық қоңырау түскен. Коммуналдық қызмет мамандары күндіз-түні су сорғылау жұмыстарын атқарып жатыр. 

Талғат Наурызов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

- Қазіргі таңда екі ауысыммен 110 ассенизатор машинасы жұмыс жасайды. Сондай-ақ 5 сорғы станциясы қосылды. Сонымен қатар су төгетін 30 орын бекітілді және де 130 мың куб су шығарылды.

Синоптик мамандар: «Ақтөбе облысы аумағында әлі 5 тәулік бойы жаңбыр жауады», - деп болжап отыр. Одан соң күн райы күрт қызып, ауа температурасы 30 градустан асуы ықтимал. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев