Қарағанды облысында ең жоғары бесінші деңгейлі өрт қаупі кезеңі сақталып отыр. Қарқаралы ауданының алқаптарында құрғақ шөп тұтанып, 150 гектар жерді жалын шарпыды. Төтенше жағдайдар департаменті тұрғындарға ормандарда серуендеуге тыйым салды. Аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан адамдардың денсаулығы да сыр беріп, жедел жәрдем көмегіне жүгінушілер қатары күрт артқан.
Күн райымен бірге жедел жәрдемнің жұмысы да қызып тұр. Бір тәулікте диспетчерлерге 1300 шақыру түскен. Науқастардың дені қан қысымы көтеріліп, жүрегі қысылғандар мен басы ауырғандар.
Әлия Күніспекова, жедел медициналық көмек станциясының фельдшері:
- Аптап ыстық әсіресе қарттар үшін, қан қысымы барларға, жүрегі ауыратындарға, созылмалы дертке шалдыққандаға қауіпті. Тұрғындарға тиісті көлемде су ішіп, күн қатты ысыған уақытта сағат 11-ден 4-ке дейін далаға шықпауға кеңес береміз. Қан қысым жүйесіне артық салмақ түсірмеген абзал.
Аптап ыстық пен құрғақшылықтың табиғатқа да зардабы тиіп жатыр. Қарқаралы ауданында құрғақ шөп тұтанып, 150 гектар жерді жалын шарпыған. Дала өртімен күрес үшінші күн жалғасып жатыр. Жалын ошағы жойылғанмен ұйытқыған жел жағдайды ушықтырып жібере ме деген қауіп бар.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша оның екпіні секундына 23 метрге жетуі мүмкін. Қазір өңірдегі мемлекеттік орман қорының аумағына адамдардың кіруіне уақытша тыйым салынды.
Темірлан Елубаев, «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі қарағанды шаруашылығы» КММ инженері:
- Орман өртінің басым бөлігі адамның кінәсінен болады. Кейбіреулер жалынды сөндірмей кетеді, темекі тұқылын лақтыра салады, құрғақ шөп пен қоқыстарды өртейді. Негізгі себебі осы. Тілсіз жауға жол бермеудің барлық амалын істеп жатырмыз. Орман алаптарын күшейтілген режимде күзетіп, профилактикалық шаралар жүргізіп жатырмыз, өрт қауіпсіздігін жіті бақылауда ұстап отырмыз.
Таяу күндері күн салқындайды
Синоптиктер: «Ауа температурасы бұл мезгіл үшін қалыпты, аптап ыстық жаңбыр болмағандықтан ерекше сезіліп отыр», - дейді.
Айжан Қосыбаева, «Қазгидромет» РМК ОФ бөлім басшысы:
- Таяу күндері ауа райы облысымыздың бірқатар бөлігінде салқындай түседі. Батыс және солтүстік аудандарда күн күркіреп, жаңбыр жауады. Күндізгі уақытта дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін. Солтүстікте нөсерлі жаңбыр күтіліп отыр.
Гидрометереологиялық қызмет өкілдері Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Қарқаралы, Шет, Осакаров аудандарында ыстық және құрғақ ауа райын болжап отыр.
Хадиша Сержанова, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит