Еліміздің оңтүстігінде аптап ыстық басылар емес. Қызылорда облысында бір айдан бері сынап бағанасы 40 градустан түспей тұр. Шілденің шіліңгір ыстығында дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер көбейген. Күн өту жағдайлары, жүрек-қан тамырлары ауруының асқынуы және ішек инфекциясының таралуы артты. Дәрігерлер мен құтқарушылар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Қалада көлеңкенің өзінде ауа температурасы 40 градустан жоғары. Аптап ыстықта денсаулығы сыр бергендер көп. Соңғы бір аптада 11 мыңға жуық тұрғын медициналық көмекке жүгінген.
Бауыржан Төлеген, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері:
- Күннің қатты ысуына байланысты облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына шақырыстардың саны 7,5 пайызға көтеріліп отыр. Оның ішінде айта кететін болсақ, балалардың шақырысы күнделікті шақырыстан 27 пайыздан 30 пайызға өсіп отыр. Қазіргі таңда бізде тәулігіне барлық бригадалар қызмет атқаруда. Қан қысымымен есепте тұратын науқастар, диспансерлік есепте тұратын және жүрек аурулары бар науқастар көптеп шақыруда күннің ысуына байланысты.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында да науқас көбейген. Қабылдау бөліміне тәулігіне 50 адам жеткізіледі. Әр үшінші науқасты стационарға жатқызады.
Әділбай Медетбаев, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
- Ауруханада қазіргі таңда ішек инфекциясына байланысты 3 бөлімше бөлінген. Әр бөлімшеде 40 төсек-орыннан, барлығы 120 төсек қарастырылған. Қазіргі уақытта осы 120 төсекке 140 адам ем қабылдап жатыр. Жас ерекшелігіне келсек, науқастардың арасында бір жастан асқан балалардан бастап, 80 жастағы қарттарымызға дейін бар.
Өңірде төтенше жағдайлар қызметі қауіпсіздік шараларын күшейтті. Тұрғындарға ұялы телефон арқылы күн сайын хабарлама жолданады.
Айдын Жүсіпназар, облыстық ТЖД бас маманы:
- Қазіргі таңда Қызылорда облысында ауа райының күрт ысуына байланысты тұрғындарға осы қатты ыстықта абай болу мақсатында жеке ұялы телефондарына тұрақты түрде хабарлама таратылуда. Қазіргі таңда күрт ысуына байланысты тұрғындардан қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды, тұрмыста және табиғат аясында демалу кезінде ашық отты пайдаланбауды, оларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз.
Синоптиктердің болжамынша, демалыс күндері өңірде ауа температурасы 44 градусқа дейін көтеріледі. Күннің ыстығы қатты сезілуі мүмкін. «Аптаптың беті әзір қайтпайды», - дейді мамандар.
Асланбек Шығыр, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев