Бұл құрылғы құлағы нашар еститін жандарға арналған. Тың жоба робототехника сайысында мамандардың қызығушылығын тудырған.
Бұрын фантастикалық фильмдерден көретін ақылды көзәйнек таяуда кез келген адамға қолжетімді болмақ. Тың жоба Нұрбек, Санжар және Арнұр есімді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына тиесілі. Олар туындысын құлағы естімейтін жандарға арнап отыр. Құрылғыға орнатылған микрокомпьютер айтылған сөзге анализ жасап, адамның көз алдына шығарып бере алады.
Санжар Сартаев, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
-Қазіргі таңда біз жобаны тек Digital Almaty 2025 көрсеттік. Ол жақта біз өзімізбен қатар стартаперлер бар және кейбір инвесторлар мен спонсорларға көрсеттік. Кері байланысты толығымен алып, сол жақта анықталған қателерді болашақта жөндейміз деген ойдамыз.
Жас өнертапқыштар көзілдірікті бір апта ішінде құрап шыққан. Енді оны жеңіл әрі ыңғайлы етіп қайта жасамақ. Одан соң жүйеге қазақ тілінен басқа бірнеше тілді енгізуді жоспарлап отыр.
Арнұр Дәулет, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
-Бұл лабороторияда бізге керек жабдықтың бәрі бар. Олардың арқасында біз очкиге арналған сыртқы корпусын жасап шығардық. Көріп тұрғандарыңыздай 3Д модельді ноутбукта жасап болғаннан кейін 3Д принтер оның корпусын шығарып береді.
Өнертапқыштар бұған дейін де бірнеше жоба дайындаған. Солардың бірі – дрон. Ауыл шаруашылығына арналған аппарат егістік даласын жасанды интеллект арқыры сканерлеп, өнім аз шыққан жерге тыңайтқыш себеді. Тіпті алқапқа кірген жан-жануарды үркіту қызметін атқарады.
Нұрбек Тайжанов, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
-Дрон автономды болып табылады. Екіншіден бізде басқаларда жоқ функция бар. Ол детектор, жануарларды анықтап арнайы дауыс шығарады. Спутниктан индиго интикатор анықтайды. Басқа дрондар өздері радар арқылы қадағаласа, бізге радар керек емес.
Жас дарындар халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі оралатындарына сенімді. Қазірдің өзінде өнертапқыштарға қытай компаниясы қызығушылық танытып отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Катерина Попкова