Хабар телеарнасы

Астаналық оқушылар тың бастама көтерді

Астаналық оқушылар зиянды әдеттерге бой алдырмаудың жолдарын іздеп, тың бастама көтерді. Олар қоғам дертіне айналған кеселдердің зиянын түсіндіретін жобалар жасап жарысып жатыр. Бірі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы, енді бірі лудоманияның құрбанына айналмау үшін не істеу керегін айтады.

Астанадағы «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары ғылыми жобаларын қорғап жатыр. Олардың еңбегіне баға беруге Ұлттық құрылтай мүшелері, саяси партия және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды. Жас өрендер қоғамда белең алған жаман әдеттерге бой алдырмау үшін не істеу керегін жеткізуге тырысты.

Нұркен Қадыр, мектеп оқушысы:

-Бүгін біз екі жоба қорғадық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық және вандализм. Сол туралы айтып шықтық. Қандай шешу жолдарын айттық. Себептерін, салдарын қарастырдық. Отбасылық зорлық Қазақстанда өте көп. Соларға біз қарсы шығу керекпіз. 

Білім ошағының ұжымы Мемлекет басшысының жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету идеясын қолдау мақсатында осындай бастама көтерген. «Қоғамға қауіпті бес кесел» жобасы жеткіншектерді жат әдеттерден қорғауға бағытталған.

Ержан Әубәкіров, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті:

-Балалар өздерінің жоба арқылы жалпы осы бес кеселге қарсы күреске қарсы көзқарастарын көрсетті. Бұлардың барлығы нені беріп тұр? Балалар жалпы бұл оқушы ғой. Оқушылар әрдайым мұндай індеттерге келу мүмкіндіктері бар. Сол себепті осындай зерттеу арқылы оларда қарсы бір иммунитет қалыптасады деп сенеміз. 

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов