Астанада ЖИ-ді дамыту мен оның этикалық мәселесі талқыланды
Жалпы жасанды интеллектіні енгізу тәртібі қандай болуы керек? Қай салаға, қандай бағытта енгізіліп жатыр? 6 мемлекеттен жиналған сарапшы мамандар осы сұрақтардың жауабын іздеді. Кез келген технологияның пайдасымен қоса зияны да болатыны анық. Сондықтан оны ендіргенде тиімді тұстарына басымдық берген дұрыс, - дейді сарапшылар.
Басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Мысыр, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қатысты.
Біздің ел үздік жобаларды медицина, білім беру, мемлекеттік басқару секілді түрлі салада белсенді енгізіп келеді. Тіпті IT өнімдерін экспортқа шығара бастағаны белгілі. Енді Сенатта да жасанды интеллект заң шығару үдерісінде қолданылмақ.
Жақып Асанов, ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары:
- Бізде жасанды интеллектіні енгізу бойынша жұмысшы тобы құрылды. Ол бізге қандай көмек көрсете алады? Біріншіден, қоғамға қандай заң керегін анықтап берер еді. Екіншіден, біз қабылдаған заңдар ел өмеріне қалай әсер етенін болжап береді. Үшіншіден, құжат мәтінін жазып, заңдық техникасын тексеріп, ғылыми сараптама жүргшізіп, өзге тілдерге аударып береді. Бұл бағыттағы жұмысты бастадық.
Жиында жасанды интеллектіні этика тұрғысынан реттеу жағы сөз болды. Оның қоғамға әсері жайында айтылды. Себебі технология қаншалықты дамығанымен, адамзатқа пайдалы болуын қамту, құндылықтарды сақтау маңызды міндет болып қала береді.
Бану Ергеш, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ департамент директорының орынбасары:
- Осы технологиялардың даму барысында біз этиканы міндетті түрде артта қалдырмауымыз керек. Сондықтан осы Орта Азия деңгейінде өзіміздің жасап жатқан жасанды интеллектті қолдану барысында пайдалы, адамзатқа қызмет ететін және этикалық құндылықтарды сақтай отырып, артта қалмау мәселесін алға қойып, осындай халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатырмыз.
Мохамед Эламин, «Мұсылман ақсақалдар кеңесі – Орталық Азия» кеңсенің директоры:
- Жасанды интеллект, әрине, біздің өмірімізге еніп келеді. Бірақ әр нәрсенің жақсы және зияны бар болатыны секілді бұған да мән беріп, жауапкершілікпен қарау керек. Көбінесе адамға, қоғамға пайдалы болуын қарастыру қажет деп ойлаймын.
Ендігі міндет – жасанды интеллект технологияларының қоғамға берер пайдалы тұстарын анықтап, сол бағытта бірлесе жұмыс жасау.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Ербол Меңдіғалиев