Жеңімпаз оқушылар 6 миллион теңгеге дейін біржолғы төлем ала алады
Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу. Мектеп оқушылары үшін сүйінші жаңалық!
Мәжілісте Мәдениет және білім беру туралы заңға өзгеріс енгізуді көздейтін құжаттың бірінші оқылымы өтті. Депутаттардың бастамасымен көтерілген заң жобасында балаларды ғылыми және мәдени бастамаларға ынталандыруды көздейтін AQYLMAN жобасын енгізу ұсынылды. Сондай-ақ халықаралық білім олимпиадаларының жеңімпазына 6 млн, оқытушысына 500 мың теңге сыйақы беріледі. Заң жобасының бір парасы ретінде шетелде магистратура, аспирантура және докторантурада оқитындарға оқуы аяқталған соң еңбек өтеу мерзімін шегеру нормасы бар.
Тағы бір маңызды мәселе – мектепке дейінгі даярлық. Бұған дейін ата-аналар баласы 6 жасқа толған соң балабақшадан шығып, оқу жылы басталғанша мектепке де бара алмайтыны туралы көп шағымданды. Түзетулерге сәйкес Оқу-ағарту министрлігіне мемлекеттік тілде қылатын бастауыш сынып оқушыларына бейімделу бағдарламасын әзірлеуге өкілеттік береді. Бұл қазақ тілін жеткілікті меңгермеген балалардың қосымша дайындалуына мүмкіндік береді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дарынды балаларды қолдау туралы тиісті тапсырма берген болатын. Міне, осы Президенттің тапсырмасының аясында жұмысымыз жүріп жатыр. Біз қарастырып отырған заң жобасының аясында сол дарынды балаларға және оларды дайындаған ұстаздарға бірреттік сыйақы беру туралы норма беріліп отыр. Біздің ойымызша бұл өте маңызды норма. Өйткені бұл шара жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және талантты оқушыларды ынталандыру үшін маңызды шараның бірі болады.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары көктемгі су тасқынына дайындық шараларына алаңдаушылық білдірді. Нартай Аралбайұлы биыл Ресей жақтан тағы да көп су келе жатқанын айтып, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары қандай екенін сұрады. Айтуынша, гидротехникалық нысандардың сапасы әлі сын көтермейді. Ескерту бар, бірақ ескеру жоқ. Биыл да халық тасқыннан тентіреп кетпесін, бұл проблемаларды дереу шешуіміз керек, - деп бірнеше ұсынысын алға тартты.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президент былтыр Цифрлық даму министрлігі, Экология су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, тиісті болжамдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тапсырма берді. Арада бір жыл өтті. Ол жүйе дайын ба? Болса ашып көрсетіңіздер. Халық білсін.