Хабар телеарнасы

Ақтауда алғаш рет колледж базасында ІТ-хаб құрылды

Ақтауда алғаш рет колледж базасында ІТ-хаб құрылды. Қазір арнаулы орта оқу орнында 370-тен астам студент робототехника, электроника және прототиптеу мамандықтарын оқып жатыр. Енді олар ІТ-хаб арқылы өзге өңірлермен, тіптен шетелдегі жоғары оқу орнымен байланысқа шығып, өзара тәжірибе алмаса алады. Жобаның жоғары сынып оқушыларына да берері мол. 

Мехатроника мамандығына оқып жатқан студенттер өндірісті автоматтандыруды осы станцияда үйренеді. Мұнда болашақ кәсіпорынның макеті құрастырылады. Сосын оған компьютерлік бағдарлама жасақталады. Зауыт құрал-жабдығының жұмысында ақаулық бар-жоғын осы бағдарлама көрсетеді. 

Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінде жаңа мамандықтар пайда болды. «Инженерлік дизайн CAD» құзыреттілігі бойынша білім алып жатқан студенттер осы станцияны құрастырды. Ал «Робототехника» мамандығын меңгеріп жатқан жастар робот-даяшы жасап шығарды. Датчиктер арқылы қозғалысын өздігімен реттейтін робот тұтынушы тапсырысын жеткізіп, темір қолдарымен үстелге қоя алады. 

Әділет Тоқаев, студент:

-Робот жасау негізі қиын емес. Жасау оңай, бірақ кодын жазу қиынырақ. Өйткені оған код беру, алгоритм жазу керек. Ол тіке жүріп, оңға, сол бұрып, тоқтау керек дегендерді кейбір кезде түсінбей жасамай қалуы мүмкін. Соларды түсініп алып, жасағанда келесіде оңай болады.

Зарипа Шолтанова, колледж директоры:

-Маңғыстау облысы білім басқармасының келісімімен ІТ-хабты жүргізуге рұқсат алдық және біз жүргізіп жатырмыз. Практикалық жұмыстарды жүргізу үшін әрине құрылғылар керек болады. Біз осы құрылғыларды алып жатырмыз. Негізгі мұның мақсаты өңірдегі ІТ бағыттарын дамытып, оқушылар мен студенттерді осы бағыттарда оқытып білімдерін жетілдіріп жатырмыз.  

Биыл Ақтауда «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай мектеп оқушылары арасында «Junior Skills» атты кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылады. Сайысқа командалар дайындау мақсатында колледжде екі күндік курс өтті. Оған өңір мектептерінен 25 мұғалім қатысты. Оқытушылар ІТ хаб арқылы Алматыдағы инновациялық орталық мамандарынан дәріс алып, курс соңында сарапшы куәлігін алды. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев