Депутаттар ЖИ кесірінен жұмыссыздық пен алаяқтыққа тап боламыз деп алаңдаулы
Жұмыссыздық, алаяқтық, сауатсыздық... Депутаттар Қазақстанды жасанды интеллект жауласа, осы мәселелерге тап боламыз ба деп алаңдауда. Цифрландырудың екінші жағы - қызмет алу жеңілдеді, экономика, оның ішінде онлайн бизнес дамып, уақыт үнемдеуге жаңа мүмкіндік туды. Қысқасы ол еліміздегі әр салаға түрліше әсер етуде. Бүгін осы «Жасанды интеллект туралы» Мәжілісте Заң жобасының таныстырылымы өтті. Құжатта оны дамыту мен реттеу жолдары қамтылған.
Заңға Мәжілістегі бір топ депутат бастамашы болған. Құжат 7 тарау, 28 баптан тұрады. Жасанды интеллектінің алдағы тағдыры осы нормалармен реттелеуі мүмкін. Мүмкін деуіміз бекер емес. Алғашқы таныстырылымның өзінде оған енгізейік, ескерейік деп ұсыныс айтқандар көп болды. Мәселен Елнұр Бейсембаев жасанды интеллект алдағы уақытта кей қазақстандықтарды жұмыссыз қалдыра ма деп алаңдаулы.
Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Шын мәнінде жұмыссыздық деңгейі Қазақстан бойынша 12-13%. Бұл 1 миллионға жуық адам. Егер ЖИ кей саланы алмастырса, жағдай одан әрі ушығады. Сондықтан заң жобасында осыны да қарастыру керек. Сарапшылардың бағалауынша жасанды интеллект дүниежүзі бойынша 90 миллион адамның жұмыс орнын алмастырады.
Шынында қазір бұрынғыдай жол торыған патрульдік полиция қызметкерлерін жолықтырмаймыз. Олардың бірқатар міндетін бүгінде ақылды камералар еркін атқарады. Жүрер бағытыңызда кептелістің бар-жоғын да тап сол жасанды интеллект телефоныңыздан көрсетіп отырады. Бұл артықшылық әрине. Оның көмегіне медицина да жүгіне бастады. Әсіресе Еуропа елдері белсенді қолдануда. Тіпті қатерлі ісікті 95% дәл анықтаған жағдайлар болыпты. Егер оның ұсынысымен емделген науқас көз жұмса, дәрігер жауапқа тартыла ма деген сұрақ туындайды. Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу, тапсырмаларды шешу қабілетімен де қазір жоғары сұранысқа ие.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мұның бәрі миымыздың шектеуіне, оның ойланбауына алып келетін секілді. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары арасында ешқандай тапсырманы орындамай, Chat GPT-ге салып, тапсырманың барлығы осы екен деп отыра береді. Мектеп жасындағы балаларға қандай да бір шектеу қойылуы керек.
Сондай-ақ ЖИ арқылы музыка және басқа да контент жасаушылар көбейген. Мұндайда авторлық құқық мәселесі қалай реттеледі?
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын ойлап шығармаса, бұл не заман болып барады? Мен қорқамын. Өткенде бір шенеунік ChatGPT-ге өзінің материалдарын салып отыр. Мақсаты бастығы тезірек басынан сипаса екен. Ал ChatGPT аржағында бенефециары кім? Ол материалдарды жинап, ертең өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл?
Тағы бір мәселе – алаяқтар. Қазір олар қажетті мәліметті кез келген адамның дауысымен жібере алады. Осылай технологиялық игілікті теріс мақсатта пайдалануда. Қазірдің өзінде заң жобасының жұмыс тобына 150 адам еніпті. Осы құрам жасанды интеллектінің қоғамға тигізер әсерін жан-жақты зерттеп, оны дамыту мен реттеу арасындағы тепе-теңдікті табуға ниетті.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков