Астанада қоғамдық орындарды ластаған 323 адамға айыппұл салынды. Елде 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталып, 196-сы, яғни 22 пайызы жойылды. Қоршаған ортаны қорғау үшін тағы қандай іс-шара қолға алынған?
Көшені ластау, көліктің терезесінен қоқыс ластыру, пәтердің жанына қоқыс қалдыру жазасыз қалмайтынын бірі білсе, бірі білмейді. Ал мұндай әрекет үшін тиісті заңнамада жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, былтыр елордада қоғамдық орындарды ластаған 13 276 адам анықталып, оларға 446 млн теңге айыппұл салынған.
Азамат Аяйбергенов, эколог:
- Заңсыз қоқыс үйінділері мен заңдастырылған полигондардың айырмашылығы неде? Заңсыз қоқыс үйінділерінде сүзілген судың топыраққа өтуіне жол бермейтін жағдай жасалмайды. Сондықтан барлық фильтрат жерасты суларына түседі. Сондай-ақ онда қоқыс газын жинау жүйесі де жоқ. Соның салдарынан жаз мезгілінде газ бөлініп, күннің ыстығында жиі өртенеді. Ауаға әртүрлі ластаушы заттар тарайды.
Ал қалдықты сақтау, қайта өңдеу – бөлек мәселе. Ел бойынша әзірге 30 пайыз ғана өңделеді. Ірі өндірістік кәсіпорындарға қатысты талап та қайта қаралып жатыр.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кезінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізіліп, қазір экология инспекторлары, экология департаменттері, авария, сондай бір жағдайлар болып жатса, шұғыл түрде кіріп, олар тексере алмайды. Олар прокуратурадан рұқсат алу керек, оған рұқсат керек. Соның бәрінде бүлдірушілер, зияндаушылар өздерінің заттарын жасырып үлгереді. Ең болмағанда, сондай ірі ластаушыларды алдын ала айтпай барып, шағым түсіп жатса, онда сол жерді тексеру керек.
Елімізде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісі қатар жүріп жатыр. Тек студенттерге арналған жоба 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биылдың өзінде 23 жоғары оқу орнынан жастар қатысып, 60 тонна көлемінде пластик жинаған
Әлия Рахимбекова, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту үшін коалиция» ЗТБ басқарма төрайымы:
- Біз жастарды қалдықтарды қайта өңдеу тақырыбына тартып келеміз. Жоба аясында 10 өңірде 220 мыңнан астам студентті қамтыған ондаған тренингтер, экоакциялар өткіздік. Бұл жолғы муасымда Ғылым және жоғары білім министрлігі де қолдау көрсетіп, іс-шаралар жоспарын бікіттік.
Бұл ретте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының да орны ерекше. Оған бүгінге дейін жеті миллионға жуық адам қатысып, 844 мың тонна қалдық жиналған. Тиісті министрлік ғарыштық бақылау жұмыстарын да жалғастырып келеді.
Ерболат Қожықов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
- Биыл 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталды. Оның 196-сы немесе 22 пайызы жойылды. Қоқыс полигондарының ең көп саны Абай, Қостанай және Ұлытау облысында анықталды. Сонымен қатар, ғарыштық мониторинг Астана, Алматы және Шымкент қалаларында және Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан әлде де жалғасуда.
Экологияға қатысты жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бақылауды күшейтіп, мәдениетті арттырудан өзге, қоқыс алаңдарына қатысты іс-шаралар да бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетали Тілдабаев