Биыл Ақтауда Каспий жағалауына су мол келді

  • 6
  • 05.06.2026, 19:55

Бұл құбылысты байқаған жергілікті жұрт: «Теңіздің деңгейі көтерілді», - деп болжап отыр. Соңғы жылдары жағалау алыстап, бірнеше шақырымға тартылып кеткен еді. Толқыны тулаған теңіздің деңгейі расымен көтерілді ме? Мамандар не дейді? 

Талғат Исламұлы, тілші: 

- Мына шағын тас көктем айында құрғақ жерде жатты. Қазір судың ортасында. Бұл құбылысты ақтаулықтар байқап, әлеуметтік желіде қуанышты жаңалық деп жарыса жариялауда. Әрине, соңғы жылдары теңіздің деңгейі күрт төмендеуі Каспий маңы елдері үшін өзекті мәселеге айналды. Оның себеп-салдарын кешенді зерттеуге уақыт қажеттілігі белгілі. Бұл тұрғыдан сарапшылар не дейді?

Орынбасар Тоғжанов, экология саласының ардагері:

- Су көтерілді, бұрынғы деңгейіне жетеді деп айту да қиын. Себебі ол бірнеше жыл бақылауды қажет етеді. Міне, тек сонда ғана Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп келе жатыр немесе тұрақталды деп айтуға болады. Жалпы халық мынаны түсінуі керек. Жыл мезгіліне қарай жауын-шашынның мөлшеріне қарай Каспий теңізінің деңгейі бірнеше миллиметрден бірнеше сантиметрге дейін көтеріліп, төмен түсіп отырады.

ХІХ ғасырда теңіз көлемі 450 мың шаршы шақырымға жетсе, былтыр жүргізілген зерттеулер 357 мың шаршы шақырым екенін анықтады. Каспийге жан-жақтан жүзден астам өзен құяды. Ең ірісі Еділден судың 90 пайызы келеді. Өзен бойында қазір 13 электр станциясы тұр. Жаһандық жылынудың әсерінен теңіз суының булану мөлшері де артты. «Дегенмен мәселені шешудің бір жолы бар», - дейді сарапшы.

Орынбасар Тоғжанов, экология саласының ардагері:

- Бір жоба бар. Ол 1921 жылдан басталған. 1952-ші жылы Каспий теңізін бүкіләлемдік мұхитқа қосу үшін Азов теңізі мен Каспий теңізінің арасын жалғап жатқан Қума-Манаш дейтін ойпаттан канал қазып, сонымен бірін-бірі толықтыру жөнінде жоба әбден жасалып қойылған. Ол үлкен қаражатты қажет етеді. Бірақ бұл канал қазылатын болса, Каспий теңізі әлемдік мұхитпен қосылады және суы молаяды.

Демек Каспий теңізінің деңгейі көтерілді деуге әлі ерте. Ғалымдардың айтуынша, бұл табиғи маусымдық құбылыс. «Соңғы жылдары Маңғыстауға жауын-шашын мол түсті. Теңізге құятын өзендерде судың көлемі артуымен жағалау сызығы уақытша өзгеріп тұрады», - деп түсіндіреді. 

Серік Ахметов , «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Ресейлік ғалымдардың мәліметінше, қазір теңіздің суы молайды деуге келмейді. Олар биыл мамырда алынған көрсеткіштердің былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 10 сантиметрге төмендегенін хабарлады.  Осы аралықта біздің мамандар жүргізген зерттеулерге сүйенсек, Каспийдің қазақстандық бөлігінде айтарлық өзгеріс жоқ. 

Нұрлан Сарсенбаев, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Өткен жылғы деңгейі мен қазіргі деңгейі бірдей болып тұр. - 29,48 сантиметрдің деңгейінде. Облыс аумағында 7 бақылау пункті бар. Олар тәулігіне 4 рет, яғни әрбір 6 сағат сайын теңіздің гидрологиялық режиміне бақылау жүргізеді. Алдыңғы жылдардан төмендеу қарқындылығы азаюы мүмкін. Бірақ дегенмен де төмендеуі күтіліп отыр. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұрын Маңғыстауда аптап ыстық ерте басталатын. Міне, жаздың алғашқы айы келсе де күн салқын. Былтырдан бері қар, жаңбырдың мол түсуімен аймақта жасыл желек көбейді. Көшеде өсімдіктер жайқалса, далалық алқаптағы шөп шұрайлы. Өңір климаты өзгеруінің тағы бір белгісі, жағалауда ғана кездесетін теңіз ұлуын қазір гүлзарлардан көресіз.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев