Алматылық оқушылар халықаралық байқауда үздік атанды

  • 78
  • 15.04.2025, 18:43

Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы NASA-ның Space Settlement Contest білім додасында топ жарды. Ал тағы бір командасы АҚШ Ұлттық ғарыш қоғамы ұйымдастырған жарыста екінші орын иеленді. 

Биыл NASA өткізген жарысқа әлемнің 25 елінен 26 мыңнан астам оқушы қатысқан. Жобаны балалар ғылыми-фантастикалық және инженерлік негізде жасаған. Қазақстандық 9-шы сынып оқушылары Ілияс Дәулет, Камила Ертісқызы, Анастасия Цой мен Юлия Кимнің YURT жобасы бірінші орынды иеленді. Команда Юпитердің орбитасымен қозғалып, оның Ганимед және Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш станциясының жобасын ұсынған. Оған қоса «Икарус» жобасы да төрешілер тарапынан жақсы бағаланып, екінші орын алды. 

Кәмила Ертісқызы, Space Settlement Contest байқауының жеңімпазы:

- Мүмкін ол энергия көздері. Өйткені біздің жобаның ішінде біз термоядролық реакторды пайдаланамыз. Ең басты ресурстың көзі. Және де қосымша ресурстың көзі ол күн панельдері. Олар біздің YURT-тың бетінде орналасқан және де олар энергияны алып, оны қайта өндіру мүмкіндігін береді. 

Ермек Пайзов, физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:

- NASA конкурсына біздің оқушыларымыз бірінші жыл емес, бірнеше жыл болды қатысып келе жатқанына және де биыл оқушыларымыз 1-ші командамыз бірінші орын алып, 2-ші командамыз екінші орын алып, жақсы жетістікке жетіп, жалпы Қазақстанның оқушыларының ғарышқа деген қызығушылығын осы конкурстар арқылы көрсетіп отыр.