Елімізде бір күннен кейін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Білім бәйгесі 16 мамыр мен 7-ші тамыз аралығында өтеді. Биыл қанша талапкер тест тапсырады және орталықтардың дайындығы қандай?
Үздік оқушылардың бірі Айзере Тәшімова биыл мектеп бітіреді. Болашақта журналист болғысы келеді. Ал қазір алдағы сынаққа қызу дайындық үстіндемін, - дейді.
Айзере Тәшімова, № 71 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:
- Әрине, қобалжу бар. Өйткені үлкен қадам болып тұр. Үлкен өмірге. ҰБТ – ол әр түлектің өміріндегі маңызды сәттердің бірі. Өзімнің арманыма жақынырақ болу үшін әр күн өзіме мотивация беріп, дайындалып жүрмін.
Ұлттық бірыңғай тестті биыл 217 мың түлек тапсырады. Ал колледж студенттері мен қандастарды есептегенде жалпы 399 мың тестіленуші тіркелген. Талапкерлер міндетті үш пән: Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық, одан бөлек өздері таңдаған бағытқа сәйкес екі бейіндік пән бойынша тест тапсырады.
Айтпақшы, биыл да математика-физика, биология-химия, шығармашылық мамандықтар және информатика-математика бейіндік пәндер комбинациясы көп таңдалған. Химия-физика бағытына сұраныс аз. Ал шекті балл: Құқық және педагогикалық мамандықтарға-75, медицина - 70, ұлттық ЖОО-на - 60, басқа ЖОО-на - 50. Талапкерлер бұған дейін ақылы түрде екі рет тест тапсырып көрді. Енді мемлекеттік грантты жеңіп алу үшін 2 рет бақ сынамақ.
Талғат Ниязов, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының орынбасары:
- Екі мүмкіндіктің ішінен дұрыс нәтижесін ол конкурсқа ұсынады. Егер ол көңілі толса, бірінші мүмкіндікте жоғары балды жинаса, екінші мүмкіндікті тапсырмауға да оның құқығы бар. Сол себепті максималды бұл кезде екі мүмкіндік беріледі әр тестіленушіге. Тамызда осы төрт мүмкіндікті пайдаланып, сонда да шектік балды жинай алмаған түлектер ақылы түрде тамызда тапсырып, соның нәтижесінде ақылы оқу орнына құжат тапсыру мүмкіндігіне ие бола алады.
ҰБТ биыл 16 мамыр мен 7 шілде аралығында өтеді. Республика бойынша 46 аймақтық тестілеу орталығы сақадай сай тұр. Тек талапкер өз міндетін білсе болғаны.
Алуа Маханбет, тілші:
- Ұлттық бірыңғай тест тапсырушылар алдымен тыңғылықты тексеруден өтеді. Мұнда ұялы телефоннан бастап, қандай да бір көмекші құрал алып кіруге болмайды. Оның қолында қаламсап пен жеке куәлігі ғана болу керек. Одан кейін барып тест тапсырушы фейс айдидан өтіп, өзінің орнын нақтылап алады.
Ал аудиторияда талапкердің барлық іс-әрекеті бейнекамераға жазылады. Оған қоса комиссия мүшелері болады.
- Мұнда бір-бірімен сөйлесуге, орын ауыстыруға, материалдарымен алмасуға және мөр басылған қағазды аудиториядан алып шығуға тыйым салынады.
Ұлттық тестті тапсыруға 4 сағат уақыт беріледі. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша уақыт қарастырылған. Бұл халқымыздың «Білегіңе сенбе, біліміңе сен» деген сөзін еске түсіретін сынақ болмақ.
Алуа Маханбет, Руслан Тәуірше, Ерзат Зайтхан