Алматы облысында құқықтық мәдениет сабағы енгізіледі

  • 152
  • 27.05.2025, 18:49

Алматы облысындағы мектептер мен колледждерде жастарды құқықтық мәдениетке баулитын сабақ енгізіледі. Бұл Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерген бастамаларын жүзеге асыру мақсатында қолға алынды.

Жоба құқықбұзушылықтың алдын алуға және жастардың бойынді ізгі қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.

Пилоттық жобаның басты мақсаты тәртіпсіздіктің алдын алу, буллингке қарсы күрес және құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Оны Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура мамандары бірлесіп әзірлеген.

Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев өңірге сапары кезінде бағдарлама авторларымен бірге тың жобаның іске асырудың жолдарын талқылады. Сабақтар алдымен Талғар ауданындағы оқу орындарында пилоттық жоба ретінде енгізіледі. Дәріс оқитын 26 тәлімгер де бекітілді. Оқушылардың білімін арттыруға құқық қорғау саласының ардагерлері де атсалысады.

Гүлнәр Бердібекова, прокуратура органдарының ардагері:

- Біз Талғар ауданындағы 20 мектепте сынақ ретінде осындай дәрістер өткіздік. Балалар көп сұрақ қойды, қызығушылық танытты. Мен бұл бағыттағы жұмысты жетілдіріп, жастардың санасында бір өзгеріс енгізуге болады деп ойлаймын.

Құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы сабақтар жаңа оқу жылынан бастап ауданның 3 колледжі мен 10 мектебінде оқытыла бастайды. Ол 7 мен 10 сынып аралығындағы 7 500-ден астам оқушыны қамтиды.

Танат Айдарбеков, Талғар ауданының әкімі: 

Тәлім-тәрбие және сабақ беретіндер — бұрыңғы құқық қорғау органдарында жұмыс істеген майталмандар. Сол кісілер жай ғана оқытпайды, әрине, қаржыландыру мәселесі де бар. Бұл мәселені бізге қойып отыр. Сол кісілерге жағдай жасау, мектептерде сабақтардың уақыттарын бөлу — оның бәрін ұйымдастыруды қолға аламыз.

Егер пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, оны еліміздің басқа өңірлерінде де енгізу жоспарланған. Жиналыс қорытындысы бойынша Арман Қырықбаев жауапты мемлекеттік органдарға жобаның әр кезеңін бақылауда ұстап, сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

Гүлім Советқан, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жонкешов