Қостанайда World Skills 2025 өңірлік чемпионаты өтіп жатыр

  • 109
  • 27.05.2025, 18:44

Қостанайда World Skills 2025 өңірлік чемпионаты өтіп жатыр. Оған 300-ден астам жас мамандар, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысуда. Олар 60 мамандық түрінен өзара сынға түседі. Автомобиль колледжінде жүк көлігін жөндеу және қызмет көрсету бағыты бойынша болашақ техник-механиктер жарыс алаңына шықты.

Облыстағы 7 техникалық колледждің үздік деген студенттері арнайы зертханада кәсіби дайындықтарын сарапқа салды. Жарыс бес кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, оларға белігілі бір уақыт ішінде жүк көлігінің қозғалтқышын, беріліс қорабын жөндеу, май аппаратурасына, электр жабдықтарына дигностика жасап, ақауын анықтау міндеті қойылды. Әр қатысушыны бастан-аяқ жеке сарапшы бақылап тұрады. 

Жеткерген Смайылов, сарапшы:

- Мына бала бізде дренажды трубканы алу керек болған. Бірақ ол оны алған жоқ. Біз алмағаны үшін одан 0,5 балды алып тастаймыз.

Осылайша қатысушының әр іс-қимылы бағаланып отырады. Колледж студенті Мирас Елшатұлы көлік қозғалтқышын жөндеуде аз-мұз кемшілік кеткенімен, белгіленген уақытында істеп болғандығын айтады. Бұл да қосымша ұпай. 

Мирас Елшатұлы, байқауға қатысушы:

- Мен екі сағаттың ішінде құрастырып шықтым. Әдемі аяқтап, енді коробкаға келіп, ішіндегі «шестерняларын» айрыбастап жатырмын.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бұл автокөліктердің электр жабдықтарын бақылау-өлшеу стенді. Бұл жерде байқауға қатысушылар стартер, генератордың тоқ күшін, оның кернеуін, айналымын тексереді. Олар тек қана мынау көрсеткіштерді тіркеп қана қоймайды, оның қаншалықты жарамды екендігін анықтап, тиісті қорытынды шығарады

Осындай байқаулардың басы-қасында жүрген сарапшылар жұмысшы мамандықтар бойынша жастардың кәсіби дайындығы жылдан жылға артып келе жатқандығын айтады.

Ақылдос Мергенбаев, жүк көліктері бойынша байқаудың бас сарапшысы:

- Тек қолмен жұмыс істемейді, мұнда баспен де ойлау қажет. Техник-механик мамандығының 3-курс студенттері өтіп жатыр. Көпшілігі, айталық, 80-90 пайызы барлық жұмыстарын өздері жасап, орындап жатыр. Деңгейі өте жақсы.

Қостанайда «World Skills 2025» өңірлік чемпионаты мамырдың 30-да аяқталады. Үздік деп танылғандары республикада облыс намысын қорғайтын болады.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров