Қызылордадағы мектептердің бірінде оқушылар инженерлік бағытта білім алады

  • 223
  • 30.05.2025, 18:01

Қызылорда қаласындағы мектептердің бірі инженерлік бағытта білім беретін оқу ордасына айналды. 900 орындық білім ұясы былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған болатын. Мұнда инженерлік пәндер тереңдетіліп оқытылып, кәсіби бағдар беруге басымдық беріледі.

Бұл білім ордасының басты ерекшелігі оқыту әдістемесі мен бағыты жаңа мазмұнға көшкен. Мұнда оқушылар әріп танып, жаза бастаған сәттен-ақ ғылыммен танысады. Физика, химия және биология пәндері екінші сыныптан бастап оқу бағдарламасына енгізілген.

Мөлдір Смаханова, мектеп директоры:

-Яғни екінші сыныптың, бастауыш сынып мұғалімдері физика пәнінің мұғалімдерімен бірлесе отырып, кіріктірілген сабақтар өткізуде. Осы сабақтар аясында біз екінші сыныптан бастап оқушыларға физика заңдылықтарына байланысты физика ұғымдарын ұғындырудамыз.

Мектепте балалардың ғылыми зерттеулер жасап, инженерлік мамандықтың қыр-сырымен танысуына толық мүмкіндік бар. Зертхана, шеберханалар мен жайлы демалыс аймақтары заманауи үлгіде жабдықталған.  

Мөлдір Смаханова, мектеп директоры:

-Біздегі наноквантум зертханасы мектепте нанотехнологиялық зерттеулерді жүргізуге, оқушыларға дыбыс, энергия, тоқ көздерімен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Екінші биоквантум зертханасында оқушыларымыз ДНК, РНК зерттеулерін алып, сараптамалар жүргізіп жатыр. 

Ұлттық жоба аясында өңірде 12 500 оқушыға арналған 21 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда соның алтауы пайдалануға берілді.

Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:

-Апаттық жағдайдағы мектепті көшірдік және Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылындағы 167 мектеп, Қызылорда қаласындағы КБИ мөлтек ауданындағы 197 мектеп ыңғайластырылған. Бұрын енді мектеп ретінде салынбаған, басқа ғимаратты ыңғайластырып, сонда балалар оқып жатқан болатын, сол мектептердің орнына пайдалануға бердік.

 «Келешек мектептері» жобасы аясында облыста жаңа оқу жылы қарсаңында 3 мың 900 орынға арналған төрт жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек. Оның үшеуі Қызылорда қаласында, ал біреуі Арал ауданының Сексеуіл кентінде бой көтереді.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев