Талдықорғандағы жоғарғы оқу орнының студенттері жасанды интеллектіні меңгере бастады.
Әлемдік технологияның жаңа бағыты Ғылым мен жоғарғы білім министрлігінің «АI-Sana» бағдарламасы аясында үйретіліп жатыр. Білімгерлер Қытай компаниясы ұсынған үш кезеңдік курстан өтеді. Сонымен қатар оқу бағдарламасына ақылды жүйе, нейронды желі сынды бірнеше пән енгізілген. Соның негізінде жастар әртүрлі жоба жасауды қолға алды. Қазір жасанды интеллект арқылы мультфильм түсіру, ойын құрастыру және дыбыстық көмекші болатын қосымша мен студенттерге ақпарат беретін чат-бот әзірленіп жатыр.
Айкүміс Мырзахмет, студент:
- Қыркүйек айында біз толықтай орындап бітеміз және бір ай сынақтан өткіземіз. Қазан айында сынақтан өткіземіз. Осы жобаны жүзеге асырғаннан кейін студенттердің арасында ақпаратқа тиімді қол жеткізу, әкімшіліктің жұмысы да жеңілдейді.
Ермек Бөрібаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры:
- Жетісу университетінде HUAWEI компаниясымен үлкен академия ашылған болатын. Жасанды интеллект. Сол академияның ішінде 5400 студентіміз жасанды интеллектінің курстарын толығымен өтіп, сертификаттарын алып шықты. Бұл енді білім беруге, болашақта ғылыммен, жаңа стартап жобалармен айналысуға үлкен септігін тигізеді.