Білім гранттарының 2,5 пайызы әскерге барып келген сабаздарға беріледі. Былтыр ғана пилоттық жоба ретінде енгізілген сараланған гранттар биыл да жалғасын таппақ. Мемлекеттік білім беру тапсырысында тағы қандай тың өзгерістер бар?
Мектеп түлегі Мейрамхан Бекалы болашағын IT саласымен байланыстырады. Сондықтан «Автоматтандыру және басқару» мамандығын таңдап отыр. Таяуда Ұлттық біріңғай тест тапсырған ол енді мемлекеттік гранттан үмітті.
Бекалы Мейрамхан, мектеп түлегі:
- Мен алғашқы ҰБТ-дан 134 балл жинадым. Әрине, оңай болған жоқ. Бірақ мемлекеттік грантты жеңіп аламын деген ойдамын. Мен физика-математика бағытында оқыдым. Енді болашақта инженер болғым келеді.
Министрлік өкілдерінің ақпарына сенсек, Бекалыда грант жеңіп алу мүмкіндігі жоғары. Себебі биыл инженер мамандықтарына басымдық берілген.
Жанна Есинбаева, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Мемлекеттік білім берудің 60 пайызы инженерлік бағыттағы мамандықтарға беріліп отыр. 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға және де қалған пайызы әр саланың өзінің үлесіне байланысты беріліп отыр. Сандық көрсеткіште айтатын болсақ, биыл педагогикалық мамандықтарға 13 мыңнан астам грант қарастырылады. Ал инженерліктерге 18 мыңнан астам, ақпараттық-коммуникациялықтарға 10 мыңнана астам грант қарастырылады.
Алдағы оқу жылына докторантураға 2919, магистратураға 10 мың, бакалавриат деңгейіне 77 мың грант бөлінген. Былтыр пилоттық жоба болып енгізілген сараланған гранттар да биыл жалғасын таппақ. Яғни толық грантты жеңіп алуға 1-2 баллы жетпей қалған 300 түлекке мүмкіндік беріледі. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысының 2,5 пайызы әскери борышын адал атқарған сарбаздарға бөлініпті. Биылғы жаңашылдық осы.
- Сандық көрсеткіште ол 2010 грантты құрап отыр. Тиісті гранттардың бөлінісі біз Қорғаныс министрлігіне жібердік. Қазір қорғаныс министрлігі тарапынан ол тағайындау процедурасы, яғни іріктеу және тағайындау процедурасын аяқтады. Енді осы 2010 адамның тізімі біздің негізгі конкурспен бірге шығатын болады. Республикалық бюджет есебінен грант биыл бірінші рет беріліп отыр.
Бірнеше санаттағы азаматтарға берілетін квоталар да сақталған. Демек білімге құштар балаға әрдайым мүмкіндік бар. Тек 13-ші мен 20-шы шілде аралығында құжат тапсырып үлгеруі керек. Ал білім грантының нәтижесі 10-шы тамызға дейін жарияланады.
Алуа Маханбет, Самат Сүлеймен