Ақмола облысында 11 лагерь жұмысын бастады

  • 35
  • 20.06.2025, 18:40

Биыл ақмолалық 15 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьде демалады. Оның екі мыңына тегін қызмет көрсетіледі. Балғындарды аймақтағы 16 сауықтыру орталығы қабылдайды. Қазір олардың 11-і жұмысын бастады. Қалғаны соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

Сандықтау ауданында орналасқан бұл демалыс орталығы осы маусымда 700-ге жуық  баланы қабылдайды. Қазір соның алғашқы легі келіп, 100 бала демалып жатыр. Олардың қатарында жергілікті оқушылармен қатар өзге өңірлерден келген балғындар да ба.

Томирис Бекжанова, оқушы:

- Мен Астана қаласынан келдім. Маған осы орман ортасында орналасқан лагерь қатты әсер етті. Таза ауада ойнаймыз.

Еркетай Көшекпай, оқушы:

- Мен Жақсы ауданынан келдім. Осы лагерьде болғаныма 7 күн болды. Мен өзіме көптеген достар таптым. Осы лагерьде көптеген үйірмелер бар. Соларға қатысып, белсенділік таныттым.

Балаларға демалыс кешенінде ойын-сауықтан бөлек, ойлау қабілеттерін дамытатын түрлі ойын өткізіліп, сан алуан саяхат ұйымдастырылады. Бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмелер де ашылған. Әсіресе ұлттық құндылықтарға баса көңіл бөлінген. Лагерь аумағында 10 киіз үй тігіліп, түрлі ұлттық ойындар да өтізіледі.

Арман Өмірзақов, балалар сауықтыру орталығының директоры:

- Негізі олар гаджетте отырмайды, компютерде отырмайды. Күні бойы бізде түрлі шаралар өтіп жатады. Ол балалардың денсаулығына жақсы әсер ететін шаралар. Сосын біз 5 мезгіл тамақ береміз. Витаминдер бәрі.

Аймақта тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 2 мың бала тегін демалады. Олардың жолдамасына бюджеттен 121 млн теңге қарастырылған. Ал қалған жолдамалар ақылы негізде ұынылады.

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Баға мемлекеттік лагерьларда 40 мыңнан бастап 70 мыңға дейін. Ал жекеменшік лагерьларда 90 мың мен 150 мыңның аралығында. Былтырғы жылмен салыстырғанда негізінен жекеменшік лагерьлардың барлығы сол бағаны ұстап тұр. Бағаның сондай бір керемет өсуі байқалмайды.

Бұдан бөлек мектептердің жанынан 500-ге жуық шағын лагерь ашылады. Онда да оқушыларға танымдық шаралар мен ойын-сауық жиындары ұйымдастырылады. Жалпы қазір өңірде мектеп жасындағы 134 мың бала бар.

Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка