Алматы облысының Жаңалық ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 900 орындық білім ошағы ашылды. Заманға сай оқу кабинеттерімен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалған. Мамандар жаңа оқу жылында үш ауысымдық оқыту мәселесі толығымен шешіледі деп отыр.
Жаңалық ауылындағы 540 орындық ескі мектепте 2 мыңға жуық оқушы үш ауысымда білім алып келген еді. Бұл Талғар ауданындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, оқушыларға есігін айқара ашқан алғашқы білім ошағы.
Жаңылсын Әбдрахманова, Жаңалық ауылының тұрғыны:
- Жаңалық ауылында мектебіміз аз еді. Өте қуаныштымыз. Мектебіміз құтты болсын! Оқушыларымыздың білімі тереңдей берсін! Көп-көп рақмет айтамын!
Бұған дейін Қарасай, Жамбыл ауданы мен Алатау қаласында осындай 9 мектеп ашылды. Онда 11 мыңнан астам оқушы білім алады. Жаңалық ауылындағы жаңа мектепте инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, робототехника мен STEM бағытындағы бөлмелер, спорт залы, асхана және кең мәжіліс залы бар.
Іңкәр Болатбек, оқушы:
- Мен бәрін көрдім және барлық бөлмесі қатты ұнады. Маған осындай асхана ұнайды. Бұрын бізде ондай асхана болмаған, ерекше. Мен негізі өзім би үйірмесіне қатысамын. Егер бұл жерде би үйірмесі болса, мен де қатысатын едім.
Алматы облысында қазір 17 келешек мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Олар жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Салтанат Беспаева, білім басқармасының басшысы:
- Жалпы Талғар ауданында 6 үш ауысымды мектеп бар. Бүгінгі күнде 7 мектеп салынып жатыр. 27 мектеп толықтай салынып біткен кезде, жалпы 24 400 оқушыны қамтитын үш ауысымда оқу мәселесі толық шешіледі.
«Дегенмен өңірдегі оқушылар санының жыл сайын 13–14 мың балаға өсіп отыратынын ескерген жөн», - дейді мамандар. Сол себепті бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға жеке инвесторлар да көптеп тартылуда. Былтыр солардың қолдауымен үш жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов