Чилидегі астротуризм тәжірибесі Қазақстанда дамуы мүмкін бе?

  • 52
  • 14.07.2025, 18:41

Чилиде әлемдегі ірі астрономиялық обсерваториялардың жартысынан көбі орналасқан. Себебі Атакама шөлінің атмосферасы ерекше. Мұнда кейбір обсерваторияларды турист ретінде көруге болады. Мәселен, әлемдегі ең үлкен телескоптардың бірі орналасқан Параналь тауындағы ғылыми нысанда әуесқой астрономдар ғарыш нысандарын бақылай алады. Қазақстанда астротуризм бағытын дамытуға бола ма?

Әлемдегі ең ірі әрі ең қымбат ғылыми нысандардың бірі теңіз деңгейінен 2640 метр биіктікте орналасқан Серра-Параналь тауында орналасқан. Мұнда астрофизик ғалымдар жұлдызды аспанды бақылап келе жатқандарына ширек ғасырдан асты. Обсерваторияның басты ғылыми құралы —  VLT құрылғысы. Жер бетіндегі ең үлкен телескоптың алты оптикалық құралы бар.

Франсиска Муньос, обсерваторияның экскурсия маманы:

- Осы телескоптың көмегімен біз M-87 галактикасындағы аса ірі қара құрдымды бақыладық. Мұнда алғаш рет басқа жұлдыздық жүйедегі планетаның спектрі алынды. Сонымен қатар сол планетаның массасы да өлшенді. Жұлдызаралық астероидты бақылау да осы жерде жүзеге асты. Бұл телескоптың көмегімен астрофизика саласында көптеген маңызды жаңалықтар ашылды.

Параналь обсерваториясында әр сенбіде кез келген адамға арналған экскурсиялар өткізіледі. Чили үкіметі ғылымды насихаттау және елге туристерді тарту мақсатында мұндай тәжірибені қолдайды. Сонымен қатар бұл қазына қаржысын ұлғайтатын табыс көздерінің бірі.

Атакамада орналасқан Obstech обсерваториясында жүзден астам шағын телескоп бар. Олар арқылы әуесқой астрономдар ғарыш нысандарын бақылайды. Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибе Қазақстан үшін де өте пайдалы болар еді. Қазір елімізде астрономиялық хаб құрылып жатыр. Ол іле Алатауының баурайында орналасқан Асы-Түрген обсерваториясында іске қосылмақ.

Чилидегі тағы бір ерекше қызығушылық тудыратын орын – әйгілі Пасха аралы. Географиялық тұрғыдан бұл арал Полинезияға жатады және Тынық мұхитының шалғай бөлігінде орналасқан. Аралда «Рапа Нуи» ұлттық паркі жұмыс істейді. Сантьяго қаласынан мұнда күн сайын ұшақ қатынайды. Рапа Нуидің басты көрікті жері – ежелгі өркениеттен қалған базальттан жасалған әйгілі моаи мүсіндері. Аралда олардың саны шамамен мыңға жуық.

Мако  Лахаро, Пасха аралының экскурсия маманы:

- Негізінен бізге Чилиден туристер келеді. Сондай-ақ көршілес елдер – Аргентина мен Колумбиядан да қонақтар бар. АҚШ-тан келетін туристер көп. Қазақстан туралы естігенмін. Бұл Орталық Азиядағы мемлекет. 

Жалпы Чилидегі туристік бизнесте креатив басым, әрі кәсібилік бірінші орында. Алайда ең бастысы – туған жерге деген жанашырлық, табиғатты сақтау. Дәл осындай тәжірибе бүгінгі таңда Қазақстан үшін де өте пайдалы болар еді.

Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко.