Атырау облысының түлектері үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі 500 білім грантын бөлді.
Мұндай мүмкіндікке ие болған түлектер еліміздегі 40-тан аса жоғары оқу орнында тегін білім ала алады. Бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Қазір университеттердің өкілдері қабылдау комиссиясымен бірлесе жұмыс істеуде. Жалпы 500 білім гранты өңірге қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұған қоса аймақтағы жоғары оқу орнында мұғалімдер мен балық шаруашылығы мамандарын әзірлеу үшін қосымша 200-ден аса білім гранты бөлінген.
Асхат Шүкіров, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры:
- 500 грантқа біздің Атырауда тұрған, Атырау мектебін бітірген, ауыл-аймақ болсын, қала болсын, кез келген талапкер тапсыра алады. 500 грантта барлық бағыт қамтылды. Педагогикалық, мұғалімдік мамандықтар бар. Өңірде білесіздер, бізде мұғалім тапшылықтары бар. Сол себепті мұғалімдік мамандықтарға бөлініп жатыр. Одан бөлек, енді біздің университеттің гранты бар. 225 грант бөлінді. Оған да біздің атыраулық балалар тапсыра алады.