«Серпін» бағдарламасымен оқуға 3 мыңға жуық білім гранты бөлінді

  • 126
  • 16.07.2025, 18:38

Оңтүстік өңірдің жастары үшін «Серпін» бағдарламасымен оқуға 3 мыңға жуық білім гранты бөлінді. Қазір Шымкент қаласында 19 оқу орнының қабылдау комиссиясы жұмысын бастады. Маман тапшылығы жоғары өңірлерге талапкерлерді тарту үшін қандай қолдау бар? 

Нұрболсын Мәметулла өз болашағын құрылыс және инженерлік салалармен байланыстырады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 79 балл жинаған ол «Серпін» бағдарламасымен грант иегері атануға үмітті. Талапкерге Көкшетау қаласындағы жоғары оқу ордасы таныстырылды. 

Нұрболсын Мәметулла, талапкер:

- Жергілікті жерге қарағанда бізге «Серпін» бағдарламасымен солтүстік жаққа грантқа түсуге мүмкіндік көп. Бұйырса қолымызға дипломымды алғаннан соң өздері жұмыс ұсынып, жоғары жалақы беріп жатса, сол жақта қалуға дайынмын. 

Университет өкілдері «Серпін» бағдарламасының өзге де артықшылығын түсіндіру үшін үгіт-насихат жүргізді. Айтуларынша, оқуға қабылданған студенттер тегін білім алып, стипендиямен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар тұлғалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады. 

Бақдәулет Анас, университет өкілі, Өскемен:

- 2014 жылға дейін Өскемен қаласында оңтүстік өңірдің жастары өте аз оқитын болса, қазіргі таңда «Серпіннен» бөлек, жалпы грантпен де түсіп жатқандар «Серпіннің» санынан көп деп айтуға болады. Шығармашылық жұмыспен де, ғылыми жұмыспен де айналысамын десе, бізде оларға арналған клубтар, үйірмелер бар. 

Оңтүстік өңірдің жастары Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстаннан 19 университетке оқуға шақырылды. Талапкерлер 20 шілдеге дейін электронды үкімет порталы арқылы немесе қабылдау комиссиясына келіп құжат тапсыра алады. 

Талғат Зәуірбек, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

- «Серпін» бағдарламасы бойынша жалпы биылғы оқу жылына 3 мыңға жуық грант бөлінген. Олардың негізгі басым бағыттары – техникалық, ауыл шаруашылығы, инженерлік, педагогикалық бағыттарға көбірек грант бөлінген. 

Үздіктер мен әлеуметтік осал топтан шыққан талапкерлерге де қосымша білім гранты бар. Олар жергілікті бюджет есебінен және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тегін оқи алады. Жалпы «серпіндіктер» оқу грантын бұрынғыдай 3 жыл емес, 2 жыл өтейді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов