Ақтөбедегі колледж оқытушылары абитуриенттерге кәсіптік бағдар беріп жүр. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жинаған балы университеттің грантына жетпесе, арнаулы оқу орнында тегін білім алып, жұмысшы мамандығын игеруге болады.
Оқуға құжат қабылдап жатқан Құдайберген Жұбанов атындағы университетте 5 колледждің өкілдері де бар. Олар талапкерлерге арнаулы оқу ордаларының білім беру бағдарламасын таныстырады. Нарықты зерделеген оқытушылар жұмысшы мамандықтарына сұраныстың жоғары екенін айтады
Алдияр Дәнекеров, Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы:
- Қазір бізде балаларды 100 пайыз жұмыспен қамтуға болады. Яғни бала бітірген кезде тек құр дипломмен қалмайды. Оның сол дипломмен жұмысқа орналасу тиімділігі жүз пайыз артылады. Соған байланысты дәнекерлеу ісі мамандығына, электроэнергетика мамандығына және де ІТ мамандығы, құрылыс мамандықтарына бізде сұраныс өте көп.