«Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» атты туындының тұсаукесері өтіп, қалың оқырманға жол тартты. Авторы - белгілі заңгер, судья Өмірсерік Қожабаев. Шығармада ежелгі ғасырлардағы билердің рөлі, олардың қоғамдағы орны, даулы істерді шешу тәсілдері қамтылған. Әділдіктің туы іспеттес болған қазақ даласында өмір сүрген Майқы, Асан, Жиренше, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді көптеген билердің қызметі жайлы тың деректер де бар. Еліміздің бүгінгі сот жүйесінің сол ежелгі мектеппен де байланысы бары айтылады. Кітап ұлы Абайдың 180 жылдығына орай жарық көрді.
Өмірсерік Қожабаев, заңгер, туынды авторы:
-Осы Абайды философ ретінде, ойшыл ретінде, ақын ретінде жақсы біледі де, ол кісінің би болғанын, заңгер болғанын аса көпшілік біле бермейді. Естеріңізде болатын болса, «Қарамола ережесі» деп аталады. Сол жерде съезд өтіп, Абай би болып сайланып сол кезде үш күн ішінде Абай атамыз 73 баптан құралатын ережені шығарған. Ол деген енді Абайдың керемет заңгер екенін, феномен адам екенін көрсетеді.