6 жасар балаңыз 10-ға дейін және кері санап, түстерді ажырата ала ма? Яғни мектепке дайын ба? Болмаса «Балақайлар мектебіне» беріңіз. Елімізде 1 сыныпқа баратын 90 мыңға жуық бала үшін мектепалды даярлық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Нұрсая Кендебай - биыл бірінші сыныпқа баратын балақайлардың бірі. Бірақ қазірдің өзінде ол оқуға ден қойған. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылған «Балақайлар мектебі» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Елімізде биыл екінші жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан жоба бірінші сынып алдында балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіруге сеп болмақ.
Гүлсім Елмағамбетова, № 106 орта мектебі мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі:
-Олар мектепке бейімделеді. Бір ай ішінде. Отыру, тұру, мұғаліммен, достарымен қарым-қатынас жасау. Өздеріне достар табады. Ертеңгі күні мектепке барған кезде, қыркүйекте ол кезде ол балаларға тіл табысу оңай болады. Мектепке бейімделуі және де арнайы бағдарламаға сүйене отырып, балалар мұнда білім алады.
Бағдарлама әсіресе балабақшаға бармай, үй жағдайында тәрбиеленген балаларға арналған. Мұнда олар 10-ға дейін және кері санап, түстерді, жыл мезгілдерін ажыратып, сөйлемдерді құрастыруға дағдыланады.
30 күндік даярлық курсына келген балалардың бірі көзіне жас алып, үйренісе алмай отыр. Ал енді бірі білгенін айтуға асық. «Балақайлар мектебі» таңғы сағат 9:00-11:00-гей дейін. Бірақ арасындағы 20 минуттық үзілісте балапандар осылай ойнап алады екен. Әрине, бұл балаларды қызықтыру әрі шаршатпау тәсілі.
Елде бүгінге дейін «Балақайлар мектебі» бағдарламасы бойынша 25 мыңға жуық бала дәріс алған. Ал тамыз айында тағы 65 мың бүлдіршін курстан өтпек. Деме, 90 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа сақадай-сай, дайын болып барады деген сөз.
Алуа Маханбет, Самат Оспанов