СҚО-да жаңа оқу жылы 8 бастауыш мектеп жабылады

  • 82
  • 30.07.2025, 18:47

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы 8 бірдей бастауыш мектеп жабылады. Білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, бұл оқу ордаларындағы бала саны бестен аспайды. Енді олар қайда барады? 

Бұл Петропавлдан 70 шақырым жердегі Қанжығалы ауылы. Бір кездері базары тарқамаған елді мекеннің қазіргі кейпі көңілге қаяу түсіреді. Биыл ат төбеліндей ғана ауылдың мектебі жабылғалы жатыр. 

Биыл Қанжығалы ауылындағы бастауыш мектепті үш-ақ оқушы бітірді. Енді олар білімін аудан орталығында жалғастырады. Ал оқу ордасында биыл алғашқы қоңырау соғылмайды.

Гүлнәр Ыбыраева, Қанжығалы ауылының тұрғыны:

-Бұрын, иә, бізде бірінші 4 сынып болды. 8 сыныпқа дейін оқыды, балалар көп болды. Екі сменада оқыды. Балалар енді ауылдан көшті. Осы көшкесін енді кісінің санын да азайып жатыр. Сол себептен бала жоқ. Бала болмаған соң мектебіміз жабылып жатыр.

Енді бұл мектеп ауылдық әкімдіктің меншігіне беріледі. Ал оқушылар 10 шақырым жердегі аудан орталығына қатынап білім алады. Ол үшін аудандық білім бөлімінен арнайы көлік бөлінеді.  

Сайрамбек Жақыпов, Аққайың ауданы білім бөлімінің басшысы:

-Жалпы осы Қанжығалы ауылында жасөспірімдердің саны 26 баладай бар. Олар барлығы өз оқуларын Смирнов мектеп-интернатында жалғастырып жатыр. Әр түрлі кластарда. Негізі бастауыш сыныптың оқушылары бұл ауылда жоқ.

Бұл бір ғана ауылдың жағдайы емес. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 14 мектеп жабылған. Ал биыл 8 бастауыш білім беру ұйымына «қара құлып» салынады. 

Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:

-Бұл мектептерде 1-4-сыныпта 5 баладан төмен бала оқып жүр. Егер де бірінші қыркүйекке дейін бұл мектептерде балалардың саны көбеетін болса, онда мектептердің жабылу мәселесі қайта қарастырылатын болады.

Өңірде жаңа оқу жылында 444 мектеп балаларға білім береді. Оның әрбір үшіншісі шағын жинақталған, яғни оқушы саны жетіспейді. Сондықтан кей сыныптар жас ерекшелігіне қарамастан бірге оқуға мәжбүр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов