18 жастан бастап жасанды интеллектті тегін меңгеруге болады

  • 12
  • 04.08.2025, 18:36

Енді елімізде 18 жастан бастап кез келген азамат жасанды интеллект бойынша тегін білім алып, өз жобасын жүзеге асыра алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Astana Hub орталығында алғаш рет жасанды интеллект мектебі құрылған.

Сабина Ержанқызы биология пәнінің мұғалімі. Қазір ол Tomorrow School студенті. Жасанды интеллект саласында білім алып, жаңа жобаларға қатысып жүр. 

Сабина Ержанқызы, Tomorrow School студенті:

- Біріншіден, есте сақтау қабілетімізді анықтау. Екіншіден, логикалық тұрғыда шешімдер қабылдай алу. Дәлелдеп көрсету қажет. Өзім білім саласынан болғандықтан, мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін қандай да бір қосымшаларды құрастыру болатын. Соған байланысты түрлі идеяларды біз сынап көрдік. Бағдарламалаудан өттік. Әрі қарай дамыту бойынша жұмыс істеудеміз. Одан бөлек оқушыларды дамыту бойынша қосымша жасадық. 

Студенттер 1,5 жылда бағдарламалау тілін үйреніп, соңғы 6 айда тағылымдамадан өтеді. Бағдарламаға Анголадағы азаматтар да қызығушылық танытқанымен, іріктеуден өте алмаған. Ал Өзбекстаннан келген 23 жастағы Мухаммадабдуллох Нозимжоновқа елордада оқудың сәті түсті.                                                                        

Мухаммадабдуллох Нозимжонов, Tomorrow School студенті, Өзбекстан:

- Бұл бағдарламаны алғаш интернеттен көрдім. Екі кезеңнен өттім. Бағдарламалау тілін мүлде білмейтін маған бұл — үлкен мүмкіндік. Қазір тегін білім мен жатақхана берілді. Таңғы 5-те де, кешкі 7-де де келіп, мектепте оқуға болады. Студенттердің көмегі көп тиюде. Алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстанға пайдалы, бизнеске бағытталған жаңа бағдарламалар жасауды жоспарлап отырмын.

Жобаға 11 мың 500-ден адам қызығушылық білдірген. Соның тек 204-і іріктеліп алынды. Енді олар бір жылдан кейін жасанды интеллект бойынша маман атанады. 

Алёна Славкина, Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры:

- Ақтық кезеңде студенттер жасанды интеллект инженері, бағдарламашы, фулстек, мобильді қосымша әзірлеуші, IT-сәулетші, киберқауіпсіздік маманы немесе бейнеойын жасаушы мамандығын таңдай алады. Әлемдік тәжірибе бойынша мұндай бағдарламаларды аяқтаған түлектердің 90%-дан астамы жұмысқа орналасып, табысты жобаларға қатысады.

Студенттер жасанды интеллект мектебінде 50-ден астам жоба жасап, 20-дан аса бағдарламалау тілін меңгереді. Алдағы күзде Astana Hub-та Alem.AI орталығы ашылады. Tomorrow School жобасы да соның құрамында.

Айта кету керек, құзырлы министрлік 2029 жылға дейін отандық жасанды интеллект өнімдерінің экспортын 5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр.

Диана Қадыр, Қали Несіпбай