Астанаға тән тағы бір өзекті мәселе – мектеп тапшылығы. Халық санының көбею қарқыны жоғары. Сәйкесінше білім ұясына сұраныс та жоғары. Биыл осы мәселені шешу үшін жаңа оқу жылында 15 мектепті пайдалануға беру жоспарда. Қазір құрылыс қызу жүріп жатыр.
Астанадағы Алматы шағынауданында халықтың өсімі жоғары. Осында орналасқан №37 мектеп лицейі соңғы жеті жыл бойы үш ауысымда балалар қабылдап келді. 3,5 мың оқушыға арналғанымен өткен оқу жылында ұстаздар 4 мың 260 балаға білім берді. Енді мектеп әкімшілігі алдағы қыркүйектен бастап оқу екі ауысымда болады деп сендіріп отыр.
Гүлжан Төлеу, С. Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің директоры:
-660 бала басқа мектептерге кетті. Соның ішінде 444 бала біздің ауданда осы мектепке жақын жерде салынып, ертең 2025 жылдың қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп отырған 114-ші «келешек мектепке» ауысуда. 2025-2026 оқу жылын үш ауысымнан екіауысымдық режимге көшеміз деп жоспарлап отырмыз.
Бүгінде елордада 115 мектеп бар. Биыл тағы да 15 білім ошағының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Оның 7-еуі қыркүйекке дейін, қалғаны жыл соңына дейін тапсырылмақ. Жаңа нысандарда 30 мың оқушы білім алатын болады.
Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде қаладағы үш ауысымда оқытатын және бала саны көп мектептердің жүктемесі азаяды. Әсіресе, Нұра, Сарайшық аудандарына баса көңіл бөлініп отыр. Өйткені аталған аумақтарда жаңа тұрғын үйлер қатары жылдан жылға артып отыр.
Нариман Еламанов, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:
-Бала санының өсуіне байланысты бас жоспарға сәйкес, бізде сол аудандарға тапшылық өте көп. Жаңа айтылғандай, Сарайшық және Нұра ауданында. Қазір бізде Астана қаласында 4 үшауысымды мектеп, 7 шамадан тыс мектеп бар. Осылардың орындарын жабу үшін сол айтылған аудандарда биыл мектептердің құрылысы аяқталып, толығымен тапшылығын жабады.
Мектептердің құрылысын бекітілген кестеге сай уақытында тапсырылуы тиіс. Мердігерлер жұмыс қарқынын арттырған. Қазірдің өзінде Астанада 300 мыңнан астам мектеп оқушысы бар. Жыл соңына дейін тапсырылатын білім ұялары мектеп тапшылығы мәселесін шешпек. Дегенмен жағдайдың қашанға дейін тұрақты болатынын ешкім нақты айта алмайды. Себебі елордадағы демографиялық ахуалдан өзге, Астанаға көшіп келушілер легі әлі де бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Ерзат Зайтхан, Самат Оспанов