Елде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы жүзеге асырылып жатыр

  • 15
  • 08.08.2025, 18:40

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» стратегиялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Президенттік жастар кадрлық резерві тәжірибесіне негізделген бұл жоба 2023 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қолға алынды. Тың бастаманың ерекшелігі неде? 

«Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасына қатысушылардың бірі – Райхан Әбдіқожаева. Ол қазір іріктеудің үшінші кезеңіне өткен. «Болашақ мектеп директорларын даярлау курсы сенімді шешім қабылдай алатын жетекшілерді қалыптастыруға мүмкіндік береді»,– дейді педагог. .

Райхан Әбдіқожаева, №278 мектеп-лицейі директорының орынбасары:

-Болашақ мектептің басшылары ретінде мектептегі жайлы ортаны құру, ұйымдық және корпоративтік мәдениетті қалыптастыру, жалпы мектептегі балаларға сапалы білім беруде қандай іс-әрекеттерді жасайтынымызды теория түрінде және кейс түрінде танысып, жұмыс жасаудамыз. 

Қатысушыларды іріктеу бес кезеңнен тұрады. Тестілеу, оқыту, тағылымдама, қорытынды бағалау және сұхбаттан іркіліссіз өткен білікті мамандар ғана кадрлық резервке алынады. 

Ділдәхан Ибрагимов, педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері, /Алматы/:

-Бірінші базалық деңгей деп айтамыз, ол жерде негізінен мектеп көшбасшысына тән құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға тырысамыз. Екінші деңгейде көшбасшылардың командада жұмыс жасауына көбірек назар салатын болсақ, үшінші деңгейде бұл кісілерді «Өзгеріс көшбасшылары» деп атауымызға болады, негізгі идеясы. Яғни бұл кісілер тек қана өзгерісті енгізуші емес, жаңа өзгерісті алып келуші болып табылады. 
  
Бұл оқу ошағы Қызылордада алғаш ашылған «Келешек мектебі». Мұнда ұжымды басқарудың жаңа моделі енгізілген. Заманауи үлгіде салынған білім ұясына арнайы іріктеуден сүрінбей өткен маман директор болып тағайындалды. 

Бұл білім ордасының басты ерекшелігі оқыту әдістемесі мен бағыты жаңа мазмұнға көшкен. Мұнда оқушылар әріп танып, жаза бастаған сәттен-ақ ғылыммен танысады. Физика, химия және биология пәндері екінші сыныптан бастап оқу бағдарламасына енгізілген. Мектепте балалардың ғылыми зерттеулер жасап, инженерлік мамандықтың қыр-сырымен танысуына толық мүмкіндік бар. Зертхана, шеберханалар мен жайлы демалыс аймақтары заманауи үлгіде жабдықталған.  

Мөлдір Смаханова, мектеп директоры:  

-Келешек мектебінің мүмкіндіктері өте көп. Сол себепті біз осы инженерлік мектебімізде 8 бағыт бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Биылғы оқу жылында тағы үш бағыт қосылады. Биоквантум зертханасында оқушыларымыз биотехнологиялық зерттеулер, оның ішінде өсімдіктерден ДНК, РНК сараптамаларын алатын болса, наноквантумзертханасында оқушыларымыз нанотехнологиялық зерттеулер, магнитизм, ток секілді зерттеуді жүргізіп жатыр.  

Айта кетейік, жоба басталғалы еліміз бойынша 583 педагог кадрлық резервке енгізіліп, олардың 397-сі конкурстан тыс басшылық қызметке тағайындалған. Тек былтыр ғана 36 резервист жаңа үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептердің директорлары болды.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев