Жамбыл облысының тұрғындары жаңа мектепке зәру

  • 56
  • 12.08.2025, 18:33

Жамбыл облысында Үшарал ауылдық округінің тұрғындары жаңа мектеп салып беруді сұрап отыр. 60 жыл бұрын пайдалануға берілген қазіргі білім ошағы әбден тозған. Мектепте спорт залы мен акт залы мүлде жоқ. Кабинет жетіспегендіктен мектеп ұжымы жапсарлас ғимарат салуға кірісіп кеткен. 

Үшарал ауылдық округіндегі Абай атындағы негізгі мектеп 1962 жылы сылынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Қабырғаларында жарықтар пайда болса, шіріген едені қырық жамау. Ал ағаш терезелерінің қашан ауыстырылғаны белгісіз. 

Мұхит Тұрмағамбетов, ауыл тұрғыны:

-Мына шифердан су ағып, балкалары майысқан. Қазір қисық балкалары. Кейбір жерлері түсейін деп тұр. Содан мына шиферді салып берген. Әйнектерінің бәрі ауысқан жоқ. Полдары сықырлайды, шіріген бәрі. Сол мен оқып жатқан кезде осындай мектеп болған, қазір менің балам бітірді бұл жерді, осы жерде қазір немерелерім де оқиды.

Білім ошағында спорт залы мен акт залы жоқ. Мәдени іс шаралар мектеп дәлізінде өтсе, дене шынықтыру пәні босаған кабинетте болады. Ал қыстыгүні ғимаратты пеш жағып көмірмен жылытады. 

Қалбай Қадырбаев, ауыл тұрғыны:

-Қала мектебінің қасындағы қойма сияқты. Қоймада ауыл балалары оқып жатыр дегендей ғой. Жаңа терезелерін өздеріңіз көрдіңіздер, қай жылы салынған ағаш терезе екенін бір құдай біледі. Осындағы ауыл тұрғындарына мың алғыс. Сол кісілер еңбектеніп құлаған жерін сылап, керекті жерін жамап сөйтіп балаларды оқытып жатыр. 

Мектепте еңбек пәнінің кабинеті мүлде жоқ. Күте күте күдері үзілген мектеп ұжымы биыл жазда ауылдан жылу жинап жапсарлас ғимараттың құрылысын өздері бастап кеткен. «Дегенмен аудан билігі оны «Жомарт түлек» жобасы аясында демеушілер есебінен салып жатырмыз»,– деп мәлімдеді. «Білім бөліміндегілер ескі нысанды жақын аралықта жаңарта алмаймыз, десе де есіктерін ауыстырып, бірнеше кабинетті компьютермен жабдықтадық»,– деп отыр.  

Мақсат Арапұлы, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы :

-Жаңа мектептеріміз салынатын болады. Қазіргі таңда бірінші жаңа мектебіміз соғылып жатыр. 2026 жылы бітеді. Осы кезең кезеңімен ескі мектептердің барлығын негізгі мектептердің барлығын жаңарту жоспарлануда. 2028-2029 жылдары бұл мектептердің барлығын жаңғырту біздің жоспарымызда бар. 

Жалпы Талас ауданында 1960-1970 жылдары салынған 6 мектеп қайта жаңғыртуды қажет етіп тұр. Жауаптылардың мәліметінше, олардың орнына алдағы 5 жылда жаңа білім ордасы салынады. Жалпы 2027 жылға дейін аймақта 66 мектепті жаңарту жоспары бекітілген. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә