Ақтөбе облысындағы 80 мектепте оқушы тапшы. Ауылдардағы шағын жинақты білім ордаларында бала саны министрлік бекіткен нормативке де жетпейді. Сондықтан жергілікті тұрғындар көпбалалы отбасыларын ауылға көшуге үгіттеп жүр. Елге келген жандардың жайғасуына көмектесіп баспана мен азын-аулақ ірі-қара да береді.
Көтібар батыр ауылы облыс орталығынан 95 шақырым жерде орналасқан. Ақтөбе мен Атырау арасындағы күре жолға жақын. Қазір мұнда 160 тұрғын бар. Өнеркәсіп пен өндірістен шалғайдағы халықтың басты кәсібі – мал шаруашылығы. Әлеуметтік нысандардан мектеп пен балабақша қызмет етеді. Биыл білім ордасының жаңа ғимараты қолданысқа беріледі.
Жаңадан салынған мектеп 60 орындық. Алайда Көтібар батыр ауылында тек 36 оқушы ғана бар. Министрлік бекіткен нормативке сай қызмет етуі үшін оқу ордасына кемінде 41 оқушы болуы тиіс. Сондықтан бұл ауыл көпбалалы отбасыларын күтеді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәрзия Смайылова Көтібар батыр ауылына 5 жыл бұрын келген. Мұғалжар ауданының Жұрын елді мекенінен қоныс аударған маман жергілікті мектептен жұмыс таптым дейді.
Мәрзия Смайылова, Көтібар батыр ауылының тұрғыны:
-Жұрында сағатымыз аз болды бізді. Жолдасым да жұмыссыз болды. Бірде бар, бірде жоқ, менің бір айлығыма қарап отырған едік. Содан осында жұмысқа шақырғасын келейік, жері жақсы, ауыл жақсы екен деп бірінші келіп қарап кеттік. Қазір жағдайым жақсы. Алты баланың анасымын.
Алдоңғаровтар отбасы да екі қолға бір күрек іздеп Қызылорда облысынан қоныс аударған. Көтібар батыр ауылына көшкелі тұрмыс-тіршілігімізді түзеттік дейді. Жергілікті тұрғындар берген ірі-қара басын көбейтіп, үй құстарын бағады. Жаздай көкөніс өсіріп, пұл қылады.
Амангелді Алдоңғаров, Көтібар батыр ауылының тұрғыны:
-Өзі осы Ақтөбе облысының жері жақсы ғой. Сонысы ұнайды маған. Көк жер ғой. Шөбі де, жері де, суы да жақсы. Сондай себептермен көшіп келдік.
Нұргүл Алдоңғарова, Көтібар батыр ауылының тұрғыны:
-Балалар тез үйренді. Балаларды уайымдап едім. Жоқ, аз бала болса да, бірден тіл табысып. Оқулары да жақсы болды. Балалардан шағым жоқ.
Оқушы санын нормативке сай ету үшін мектеп директоры биыл аудан орталығында оқитын екі немересін көшіріп алған. Тағы бір немересі Көтібар батыр ауылындағы балабақшаға барады. Қоныс аударам деушілерге баспана да бас қатырар мәселе емес. Ауыл халқы бос тұрған үйлерді сүрмей көшіп келемін деушілерге ұстап отыр.
Гүлсім Күлжанова, Көтібар батыр негізгі мектебінің директоры:
-Егер де отбасында педагогтар болса, әрине педагог мамандарға сағат тауып беруге тырысамын. Менде педагогтан тыс кітапханашының орны бар, көркем еңбектен, мысалы, 7 сағат орын бар, тәрбиешілікке алдағы уақытта бос орын бар және іс қағаз жүргізуші орын бар. Психологқа 0,5 орын бар. Сол мамандықтарды жұмыспен қамтамасыз ете аламын.
Оқушы тапшы шағын жинақты мектептер Ақтөбе облысындағы әр ауданда бар. Қазір олардың саны 80-ге жеткен. Дегенмен облыстық білім басқармасы өкілдері биыл оқу ордаларының біреуі де жабылмайды деп сендірді. Бала санын рурализация, яғни қаладан ауылға көшіру үрдісі арқылы көбейтуді көздейді.
Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
-Қазіргі таңда осы жұмыстардың нәтижесінде Алға, Мұғалжар және Қобда ауданында орналасқан 13 мектептің бала саны нормативке жетті. Жалпы осы кезге дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 26 ауылға 61 отбасыдан 172 бала көшіп келіп мектептерге орналасып жатыр.
Көтібар батыр ауылындағы негізгі мектепте оқушы саны нормативке сай болуы үшін күз түскенше алты бала қосылуы тиіс. Сондықтан тұрғындар елді мекенді жарнамалап әлеуметтік желілерге жариялап отырады. Көшуге ниет білдіріп, ауылдың жай-күйін сұрайтындар көп болғанымен, дені көгілдір отынның жоқтығын естіп айнып қалады. Жергілікті билік бұл мәселенің шешімін алдағы жылдардың еншісіне қалдырған.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов