Инклюзивті білім беру. Биыл еліміздегі мектептер 1000-нан астам мүгедектігі бар баланы оқуға қабылдайды. Осылайша жүріп-тұруында қиын, үйде оқитындар санын 10%-ға қысқарады. Бұл туралы республикалық тамыз конференциясы аясында айтылды. Жиында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, оқыту саласындағы үздік тәжірибелер мен арнайы кабинеттердің жұмысы танысытырылды. Сондай-ақ алдағы жоспарлар пысықталды.
Қазақстанда бүкіл әлемдедегі сияқты инклюзивті білім беру белсенді дамып келеді. Елімізде бұл бағыттағы бағдарлама 2011 жылы қабылданған екен. Осылайша оған алғышарт жасалды. Ал 2021 жылы арнайы заң қабылданды. Қазір еліміздегі орта мектептерде 80 мың ерекше білім беру қажеттілігі бар бала оқиды. Тағы 20 мың оқушы арнайы мектепке барады. 15 мың бала үйінде білім алуда. Биыл тағы мың баланы мектепке қабылдау жоспарланған.
Лаура Ботабаева, ҚР Оқу ағарту министрлігінің орталық директоры:
- Жеке көмекші лауазымы енгізілді. Біз анализ жасағанда мыңға жуық бала осындай қолдаудың жоқтығынан үйде білім алуға мәжбүр екені анықталды. Жаңа лауазым балалардың мектепке келіп білім алуына мүмкіндік береді. Министрлік инклюзивті бағалайтын талаптарды кеңейтті. Тек қана кедергісіз орта мен маманның болуы емес, арнайы оқу-әдістемелік кешендердің болуы, қолдау кабинеттері ашылған мектептердің саны – 1020. Жыл соңына дейін ол сан өседі.
Барлық бала үшін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз еткен білім ордаларының бірі Астанадағы № 97-ші мектеп. Былтыр мұнда қолдау кабинеті ашылған. Оқушылар сабақтан тыс уақытта және жоспарлы түрде осында келіп, жеке дағдыларын дамыта алады.
Руслана Қаппарова, № 97 мектеп директорының орынбасары:
- Қазіргі уақытта ерекше білім беруді қажет ететін 33 оқушы бар. Осы оқушылармен бізде арнайы мамандар жұмыс жасайды. Бір психолог, дефектолог және логопед маманы, 10 педагог-ассистент жұмыс жасайды. Оқушыларды күтіп алады, шығарып салады. Сабақ үстінде ол оқушыларға көмектесу, қолдау осы педагог-ассистент маманның міндеті.
Айта кетейік, қазір еліміздегі мектептерде 10 мыңға жуық арнайы педагог және 3,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың қатары артпақ. Себебі жыл соңына дейін Қазақстан бойынша 70 қолдау кабинетін ашу жоспарланған.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин