«Абайтану» жеке пән ретінде оқытылсын – қаламгерлер

  • 9
  • 18.08.2025, 18:42

Мектептерде «Абайтану» қосымша емес, жеке пән ретінде оқытылсын. Оған қоса «Қазақ тілі мен әдебиетін» орыс, ұйғыр, өзбек сияқты өзге этностың балалары оқитын білім мекемелерінде бөліп оқытқан жөн. Яғни қазақ тілі жеке, қазақ әдебиеті жеке дербес пән болуы қажет. Сонымен қатар «Әлем әдебиетін» енгізсе де артық етпейді.

Алматыда форум өткізген Қазақстан Жазушылар одағы осындай ұсыныс жасап отыр. Қаламгерлердің айтуынша, оқулық жазуда ең алдымен ұлттық құндылық дәріптелгені абзал. Сондай-ақ олар жалпы оқулыққа енетін көркем әдебиетті Қазақстан Жазушылар одағы бекітіп бергенін қалайды. Басқосуға  әдебиеттанушылар, тіл ғалымдары, оқытушылар мен оқулық авторлары жиналды. Қатысушылар білім деңгейі, оқулық сапасы, оқу бағдарламасына қатысты ойларын ортаға салды.

Зәуреш Ерназарова, филология ғылымдарының докторы, оқулық авторы:  

- Жалпы қазақ тілі, әсіресе орыстілді мектептерде берілу сапасының тиімділігін арттыру үшін біз мұғалімдердің кәсіби біліктілігін, соның ішінде әдістемелік біліктілігін жетілдіруіміз керек. Сол сияқты оқулық авторларына  коммуникативтік функционалдық мәтін лингвистика туралы кәдімгідей теориялық дайындық керек және коммуникативтік оқыту әдісінің негізгі қағидаларын меңгеру керек. 

Нұрдәулет Ақыш, балалар жазушысы:

- Шығарманың жанрын бергенде бір жерде повесть, бір жерде хикая, бір жерде хикаят деп береді. Балаларды шатастырмай, бір ізге түсіру керек. Әр класста өрлеген сайын педагогикалық тәсіл қарапайымнан күрделіге қарай. Сондықтан осыны оқытқан кезде кейде «қаһарман» деген сөзбен «кейіпкер» сөзін ажыратамыз. Кейіпкер қандай, қаһарман қандай? Әдістемелік аппарат ұзақ болмауы керек. Оқырманға қолмен қойғандай шәкіртке түсінікті болуы керек.