Алматылық оқушы су тапшылығын шешу үшін тың инновациялық тәсіл ұсынып отыр. 11-сыныпта оқитын Дана Қадырбек Оңтүстік Кореяда өткен әлемдік олимпиадада атмосферадағы ылғалды жинап, тіршілік нәріне айналдыратын құрылғысымен жеңіске жетті. Жас өнертапқыш 36 елден келген 2000 қатысушының арасынан топ жарып, бірінші орынды иеленді.
Бұл сырттай қарағанда қарапайым қорап сияқты көрінеді. Алайда құрылғының құпиясы арнайы наноматериалда екен. Ол түнде ауадан ылғал тартып алып, ал күндіз күн қызған кезде таза су бөледі. Қазірдің өзінде шағын үлгісі тәулігіне жарты литр су шығарады. Алдағы уақытта Дана көлемін екі литрге жеткізуді жоспарлап отыр.
Дана Қадырбек, №79 гимназияның 11-сынып оқушысы:
-Еліміздің өзге облыстарына саяхаттап шыққанда бос жатқан қуаң жерлерді көп көрдім. Әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы өте жоғары. Сондықтан осы мәселені шешуге көмектесетін құрылғы жасағым келді. Осыған ұқсас құрылғылар бар, бірақ олардың жұмыс істеу принципі басқаша. Олар электр қуатымен немесе механикалық әдіспен істейді, ал менің құрылғым ештеңе қажет етпейді.
16 жастағы отандасымыздың өнертабысы әлемдік Өнертапқыш және креативті олимпиадасындағы қазылар алқасының назарын аударды. Бұл бүкіл әлемнің инновацияларын таныстыратын ең ірі байқау. Сарапшылар тек ғылыми жаңашылдықты ғана емес, болашақта қолдану мүмкіндігін де бағалайды.
Әлия Серікбаева, №79 гимназияның физика пәні мұғалімі:
-Дананың ойлау қабілеті өзгеше, математикаға бейім. Бұл оған осындай шағын жобаларды жасауға көмектеседі. Дана айналысып жатқан мәселе ел үшін өзекті. Болашақта осы идеяны ғалымдарымыз негізге ала отырып таза су өндірудің жаңа жолдарын табады деген ойдамын. Бұл өте құнды жоба.
Дана қазір талантты оқушыларға арналған инженерлік хабта білімін дамытуда. Сонда тәжірибе жинап, өнертабысын жетілдіріп жүр. Жақында халықаралық акселерациялық бағдарламаға қатысып, құрылғыны түрлі жағдайда сынап, коммерцияландыруға ден қоймақшы.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев