Биыл Астанада 30 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл туралы тамыз конференциясында қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты. Оның сөзінше, елорданың қарқынды өсуіне байланысты мектепке деген сұраныс артып келеді. Сондықтан биыл 14 білім ошағы пайдалануға берілмек. Осылайша, қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Айта кетейік, Астанада дәстүрлі тамыз конференциясы өтуде. Онда 1,5 мыңнан астам педагог жиналып, жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап жатыр.
Қасымхан Сенғазыев, қалалық білім басқармасының басшысы:
-Әрі қарай жұмыстарымызды жалғастырып жатырмыз. 2026-2029 жылға дейінгі жоспарымыз бар. Ол кезде де 60-қа жуық мектептің құрылысы жүргізілетін болады. Одан бөлек балабақшалардың құрылысы жанданды. 2017 жылдан бастап, қаламызда мемлекеттік балабақшалар салынбаған болатын. Қазіргі таңда 4 балабақшаның құрылысы аяқталуда.