Биылдан бастап орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі. Осылайша, мектеп табылдырығын аттаған бала заманауи технологияларды әліппемен қатар үйренеді. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданады. Жаңа оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептерін» басқару жүйесі іске қосылады.
Биыл 1 милионнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Оның ішінде 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа барады. Солардың бірі – Диана қазір дайындық үстінде. Жақында мектебімен де танысып қайтқан. Күнделікті жазу-сызуды үйреніп, оқуға машықтанып жүр. Үйінің тұңғышы болған соң ата-анасы да қобалжулы.
Диана Асқар, қала тұрғыны:
-Мен жақында мектепке барамын. Асығып күтіп жүрмін. Мен 5-ке оқитын боламын. Қазір жазу жазып үйреніп жүрмін. Әліппе оқып жүрмін.
Олжас Тәбеш, ата-ана:
-Қосымшаға бердік. 4 тамыздан бастап мектеп те өз дайындығын бастады. Жұбайым да дайындап отырады. Мектеп формаларын әлі алған жоқпыз. Біздің кезімізде кім қалай киінгісі келді, солай киінді. Қазіргі оқушыларды қарасаң, өзінің формаларымен жүреді, менің ойымша ол дұрыс.
Биылғы Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру үрдісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізуді тапсырды. Президент өз сөзінде бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз екенін алға тартып, жаһандық үрдістерге бейімделу қажеттігін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды.
Аида Әбіләкімова, ұлттық білім академиясының бас сарапшысы:
-Ең бірінші бұл мұғалімдерді даярлау. Жасанды интеллекет мұғалімнің орнын баса алмайды. Ол тек көмекші құрал ретінде ғана. Себебі сынып ішіндегі оқушының көзіндегі мұңды, мотивациясының төмендеуін, қызығушылығының төмендеуін ЖИ байқай алмайды.
Елімізде жыл соңына дейін 217 жаңа форматтағы мектеп салу жоспарланған. Бүгінге дейін 128 заманауи мектеп бой көтерді. Оқушылар теориямен шектелмейді. Кітаптан оқып, үйренгенін іс жүзінде жасап көруі үшін барлық жағдай жасалған. Зертхана да, еңбек сыныбы да заманға лайықталған. Жаңа оқу жылының тағы бір ерекшелігі – «Смартфонсыз мектеп» жобасы.
Жаңа оқу жылынан бастап Kiva және «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламалары барлық мектептерде енгізіледі. Сондай-ақ 1 қыркүйектен «Адал азамат» бағдарламасы іске асады.
Сырым Нұғыманов, Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназия директоры:
-Адал азаматты тәрбиелеу деген баланың бойына оның отансүйгіштігін, оның еңбекқорлығын, адалдығын, әділ бола білуін баланың бойына кішкентай кезінен сіңіру керек. Биыл мынандай жақсы жаңалықтар болғалы тұр. Қала мектептерінің барлығында «Бала және театр» жобасы іске асырылып жатыр.
«Мектебің мынау класың, Осында 10 жыл тұрасың.Тарыдай болып кіресің,Таудай болып шығасың... », – демекші таза әрі жарық білім ошақтары бүлдіршіндерді қарсы алуға дайын. 1 қыркүйекте 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл үшауысымды мектеп мәселесін шешуге ықпал етсе игі.
Құралай Жұмахан, Әлібек Әлиев, Азамат Сәметов, Таир Мерекенов