Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында қалада бірнеше білім ошағы салынған. Алатау, Алмалы, Бостандық және Наурызбай аудандарындағы жаңа оқу орындары заманауи зертханалар, цифрлық сыныптар, спорт кешендері және акт залдарымен жабдықталған. Жалпы қала бойынша 350 мыңнан аса оқушы бар. Соның 28 мыңнан астамы бірінші сыныптың табылдығын аттады.
Наурызбай ауданының балалары ерекше қуанышты. Өйткені олар оқу жылын жаңа мектепте бастады. №214 келешек мектебінің ашылу салтанатына қала әкімі қатысып, оқушыларға білім биігін тіледі. Мұнда енді 2480 оқушы білім алады. Заманауи талапқа сай салынған ғимараттың ішінде пәндерді тереңдетіп оқуға барлық мүмкіндік жасалған.
Назерке Сәметова, 11-сынып оқушысы:
- Осыған дейін мектепке автобуспен 40 минут баратын болғанмын. Қазір үйдің жанында жаяу 5 минутта келемін. Осы мектептің ішін көрдім. Өте қатты ұнады, бәрі сапалы жасалған.
Күләш Төлеубаева, қала тұрғыны:
- Қазақ елінің кішкентай ғана балапандары білімге құштар болып, соны бойына сіңіріп, келешек өздерінің өмірлеріне азық болатындай білім алсын. Ұстаздарға зор денсаулық тілеймін. Балалар бақытты болсын!
Қалада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы 21 кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Соның бесеуі осы айдың ортасында пайдалануға беріледі. Одан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 8 мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ «1300 мектепті жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 31 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.
Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қай жер, басқа жаққа қаржы жетпесе де осы білім саласына үнемі көңіл бөліп, әрбір жолдауында, әрбір кездесуінде осы балаларымызға жағдай жасап, осы ұстаздарымызға жағдай жасап, соған көңіл бөліп, арнайы тапсырмалар беріп отырады. Оқушыларымыз сіздердің қолдарыңызда, ал оқушыларымыздың қолында келешегіміз.
Алматылық оқушылар өткен оқу жылында 21 халықаралық және 33 республикалық олимпиадаға қатысып, 1000-нан астам жүлдеге ие болды. Білім бәйгесінде топ жарған оқушылардың отызы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінде білім алады. 70 жылдық тарихы бар лицейде де алғашқы қоңырау соғылып, 200 бала бірінші сыныптың талдырығын аттады.
Бұлбұл Оспанбек, №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:
- Жетістіктің барлығы мектептегі үштікке байланысты. Ол ұстаздар қауымы, ата-аналар қауымы және оқушылар қауымы. Осы үштік жауапкершілікті алып, дұрыс жұмыла жұмыс істеген кезде әрине, жетістікке қол жеткізуге болады. Жақында ғана Токиоға барып, екінші орын алып келді Жасмин деген қызымыз. Ол өте қуантарлық жәй.
Алматыда мектептердің саны артып, сапасы да жылдан жылға жақсарып келеді. Оқушылардың теориялық білімін практикамен ұштастыратын пәндік кабинеттер заманауи құрылғылармен жабдықтылып жатыр. Бұл еліміздің ертеңіне құйылған инвестиция.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон