Семейде мектептерге ЖИ енгізіліп жатыр

  • 13
  • 04.09.2025, 19:37

Абай облысындағы мектептерде биометриялық бақылау жүйесі енгізіле бастады. Оқушылар мен мұғалімдер мектепке арнайы бет-әлпетті тану жүйесі арқылы кіріп-шығады. Жаңа тәсіл өңірдегі 304 білім ошағында оқитын 100 мыңнан астам оқушының қауіпсіздігін қамтуға сеп.

Осындай биометриялық жүйелердің бірі Семей қаласындағы №51 мектепте орнатылған. Мектепке кіру үшін оқушы арнайы камераға жүзін жақындатады. Құрылғы баланың бейнесін сканерлеп, базаға енгізілген деректермен сәйкестендіреді. Егер деректер дұрыс болса, турникет автоматты түрде ашылады.

Қайырбек Әбілқасымов, мектеп директоры: 

-Балалардың қауіпсіздігіне де үлкен көңіл бөлінген. Біздің мектебіміздің кіреберісінен бастап,
Face ID қондырғылары қойылған. Оны өткен әрбір бала танылады. Содан кейін мектепке кіргенде, асханаға барғанда, кітапханаға барғанда мектептен шыққанда балалардың келгені және кеткені жөнінде ата-аналарына, мұғалімдеріне хабарлама келіп тұрады.

6 сыныпта оқитын Зере Сайлаубаева роботтармен жұмыс істегенді жақсы көреді. Оларды бағдарламалап, тәжірибеден өткізеді. Дарынды оқушы осы бағытта халықаралық жарыстарға қатысып, қызығушылығын одан әрі жетілдіруді көздейді.

Зере Сайлаубаева, мектеп оқушысы:  

-Әсіресе маған робототехника пәні ұнайды. Онда біз роботтар құраймыз, сол роботтарды біз ұшырамыз, жүргіземіз, зерттейміз. Болашақта жарыстарға қатысқым келеді.
 

Еділ Әділғазы, информатика пәнінің мұғалімі 

-Халықаралық жарыстар бар фөст бағытында. Сол жерде 10-11 сынып оқушылар жақсы нәтиже көрсететін болса, бүкіл Қазақстан бойынша гранттар ұтып алуға мүмкіндіктері бар. Осы роботтарды құрастырып оларды ары қарай дамытып, жасанды интеллекті қосып математика, биология сияқты барлық пәндерді қосып жоба жасап та қатысуға болады.

Цифрлық технологиялар бәріне қолжетімді болуы үшін өңірдегі барлық мектептер сапалы интернетпен қамтылған. Шалғайда жатқан ауылдардағы 135 білім ордасына Starlink спутниктік орнатылған. Нәтижесінде барлық білім беру ұйымдарында жаңа цифрлық платформалар қолданылып жатыр.

Әлфия Нығматуллина, облыстық Инновациялық әдістемелік орталық директорының орынбасары:

-Біздің мектептеріміз Bilimclass жүйесімен екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Бұл отандық өнім, ол арқылы ата-ана мобильді қосымша немесе браузер арқылы баласының үлгерімін, үй тапсырмаларын көре алады. Бұл  мектеп ұжымы, ата-ана және оқушы арасында тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.


Абай облысында Astana Hub халықаралық технопаркімен бірлескен жоба іске асырылуда. Соған сәйкес жоғарғы сынып оқушылары бағдарламалау негіздерін меңгереді.  

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы