«Бұл елдегі жүйелі реформалардың нәтижесі», - дейді мамандар. Атап айтқанда, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту деңгейі 93,1 процентке жеткен. Үш ауысымды мектептер мәселесі де шешіліп жатыр. Осы оқу жылының өзінде 232 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту бағдарламасы да іске асырылуда.
2025 жылы 245 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша 1 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылады. Сапалы білім алған балалардың жетістіктері де аз емес. 2024–2025 оқу жылында халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлдегер атанды. Жоғары оқу орындарына тегін түсу үшін мемлекеттік грант саны да артып, елімізде бірнеше жетекші шетелдік университеттердің филиалдары ашылды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту үшін мемлекеттік гранттардан тыс 4 жаңа құрал енгізілді. Мемлекет пен ата-ана әр баланың білім алуына бірге жауап беретін жүйе құрылды. Президентміздің тікелей тапсырмасымен «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы іске қосылды. 2006 жылдан кейін туған әр балаға Ұлттық қордан қаражат бөлінеді. Соңғы екі жылда ашылған арнайы шоттарға 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде ақша түсті.