Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы мектептерде «жол жүру ережелері» пәні енгізілді. Енді оқушыларға Прокуратураның бастамасымен қауіпсіздік ережелері мен жол жүру мәдениеті түсіндіріледі. Құқық қорғау органы өкілдерінің айтуынша, ол үшін арнайы уақыт бөлініп, дәстүрлі оқу процесіне кедергі келтірілмейді. Бастаманы мұғалімдер мен полиция қызметкерлері де қолдады. Айта кетейік, облыста жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары салдарынан 5 бала көз жұмып, тағы 250-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Әділжан Оразғали, Жалағаш ауданының прокуроры:
- Оқушылардың жол ережесі туралы білімін арттыру мақсатында жолаушылар Прокуратурасының және Полиция бөлімінің ұсынысы негізінде оқушыларға мектептерде жолда жүру сабағын өткізу жөнінде Білім бөлімімен бекітілді. Бұл аталған сабақтың негізгі мақсаты жасөспірімдермен орын алатын жол-көлік оқиғаларын алдын алу болып табылады. Алдағы уақытта бұл сабағымыз өз нәтижесін беретініне сеніміміз мол.
Ғайникамал Қалдыбай, оқушы:
- Осы жаңа оқу жылының басы біз үшін ерекше басталды. Себебі біздің аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бізге арнайы сабақ өтті. Ол сабақтың тақырыбы жолда жүру мәдениеті мен қауіпсіздік ережелері. Сабақ барысында ағайлар бізге күнделікті өмірден мысалдар келтіріп, бізді өзімізді қалай қорғау керектігін түсіндірді.