Астанада «NU Fest: Knowledge Race» атты ашық есік күні өтті

  • 11
  • 29.09.2025, 19:50

Назарбаев университеті әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жаңа гранттық бағдарламаны іске қосуда. Бұл «NU Fest: Knowledge Race» атты ашық есік күнінде белгілі болды. Шараға заманауи білімге қызығатын 14 мыңнан астам адам қатысты.

Сенбі күні Назарбаев университетінде ине шаншар орын болмады. Заманауи білімге қызыққан ата-ана, студент, оқушы, қала тұрғындарының барлығы осында дерсіз. Келушілер университетке қабылдау ережелерімен танысып, Назарбаев университетінің жаңа бағдарламалары жайлы ақпар алды.  Заманауи зертханаларды аралады.

Гауһар Әбдиева, ата-ана:

- Оқуға түсем деп жүрген балаларға осы университеттің деңгейі қандай екенін көрсету үшін, осы жерде оқыса қандай жолдар ашылатынын түсініп отырмын. Менің ойымша, Қазақстанда ең жоғары деңгейде тұрған университет.

Бүгінде Назарбаев уиверситеті инженерия, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, медицина, бизнес, білім беру және мемлекеттік саясат салаларын қамтитын сегіз мектеп пен шамамен 8 000 студенті бар жетекші жоғары оқу орны. Университет түлектерінің 98%-ы жұмысқа орналасқан.

Вакар Ахмад, Назарбаев университетінің президенті:

- Биылғы жылы 10 мыңнан астам өтінім мен 3 мыңға жуық студентті қабылдап, рекорд жаңарттық. Грант саны шектеулі болғанымен, ақылы негізде конкурстан өткен үміткерлерді қабылдауға дайынбыз. Біз әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен жаңа бағдарламаларды іске қосудамыз.

Бүгінде Назарбаев университетіне деген қызығушылық елімізден тыс жерлерде де артып келеді. Times Higher Education рейтингі бойынша университет әлемдегі ең үздік ЖОО-ның қатарына енсе, оның Жоғары білім беру мектебі үздік 200 ішінде. Биыл Қытай, Ресей және АҚШ-ты қоса алғанда 44 елден жүздеген өтініш түсті.

Авторлар: Құралай Жұмахан, Самат Оспанов.