Бұл ретте неге назар аударған жөн? Аталған тақырып бүгін Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда талқыланды. Жасанды интеллекттің тиімділігі мен қатар, назар аударар өзекті жайттары да сөз болды.
Парламенттік тыңдау жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы отандық жетістіктер мен тың жобаларды сипаттаған көрмеден басталды. Мұнда өнеркәсіп, медицина, білім, құжаттама, баспана және өзге де бағыттағы бастамалар көрсетілді. Мәселен, тау-кен саласындағы жұмысшы қауіпсіздігін бақылайтын жасанды интеллекттің ерекшелігі көпшілікті таңғалдырды.
Мұхамед Төлегенов, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің магистранты:
-Бұл проект бойынша бізде әр кісінің жеке қорғаныс кигенін тексеріп отырады. Ол бізде көбінесе өндірісте қолданылады. Көріп тұрғаныңыздай, статистикасыда бар және де егер де бұзушылықтар болған жағдайда бізде скриншоттар қолданылып, қандай уақытта, қандай бұзушылықтар болғанын көрсетіп тұрады.
Ал бұған дейін жасанды интеллект туралы заңды мақұлдаған Мәжіліс депутаттары бұл әлі де талқылауды, талдауды талап ететін күрделі тақырып екенін айтап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге біз ерекше қарқынмен және зор әлеуетпен кірістік. Суперкомпьютер іске қосылып, ұлттық жасанды интеллект платформасы жұмыс істей бастады. «Smart Data Ukimet» платформасы да қолданысқа еніп, өз жемісін беруде. Электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Бұл жоғары позицияға мемлекеттік басқару саласын цифрландыру есебінен қолжеткізілді.
Бұл саланы дамыту туралы Мемлекет басшысының жуырдағы жолдауында да айтылғаны белгілі. Әрі бүгінгі күні шетелдік сарапшылар еліміздің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығын жоғары бағалаған.
Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы:
-Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу экономикаға мынадай пайда әкеледі: Еңбек өнімділігінің өсуі, Жоғары технологиялық салаларда жұмыспен қамтамасыз етудің артуы, соның нәтижесінде инновациялық сектордың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесінің өсуі. Сонымен қатар Цифрлық мемлекет ең алдымен цифрлық азаматтар екенін атап өткен жөн. Біз барлық санаттағы халықтың, соның ішінде азаматтардың, кәсіпкерлердің және мемлекеттік қызметшілердің өмір тіршілігін қамтитын цифрлық мемлекетті құрып жатырмыз.
Жасанды интеллект білім саласында да кеңінен көрініс таппақ. Тиісті министрлік қазірдің өзінде бірқатар шараны қолға алған.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-Министрлік жасанды интеллектіні дамыту бойынша 3 негізгі бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншісі – жасанды интеллект саласында кадрларды даярлау. Екіншісі – ғылыми зерттеулерді іске асыру. Үшіншісі – қазақ тілін дамыту үшін жасанды интеллектіні қолдану.
Парламенттік тыңдау барысында шетелдік сарапшылардың да пікірі тыңдалды. Жасанды интеллектінің ел экономикасын дамытудағы орасан орнынан өзге, өзекті саналатын маңызды мәселелеріне кеңінен тоқталды. Соның ішінде, еңбек нарығын реттеу де айтылды. Алайда жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин